Reuters, BBC және Sky News-тің Ұлыбритания парламенті қауымдар палатасына мерзімінен бұрын сайлаудың алдын ала нәтижелеріне сүйеніп, премьер-министр Тереза Мэйдің Консервативтік партиясы парламенттегі басымдығынан айырылатынын хабарлады.
9 мамыр күні ертең жарияланған 633 депутаттық орынға қатысты мәліметтерге қарағанда, Мэйдің партиясы қауымдар палатасында 308 орынға ие болған. Консервативтік партия 650 орынды палатада көпшілік дауысқа ие болу үшін кем дегенде 326 орынға ие болуы тиіс.
Консервативтік партияның қауымдар палатасында көпшілік орынға ие бола алмауы Ұлыбританияда жаңа саяси дүрбелең тудырып, Мэйдің елді Еуропа Одағынан шығару процесін бастау ұмтылысына кедергі келтіруі мүмкін.
BBC бұған дейін Консервативтік партия 318 орынға, ал оппозициялық Лейбористік партия 267 орынға ие болады деп болжаған. Sky News консерваторлар 315-325 аралығында депутаттық орынға ие болуы мүмкін деген.
Бұған дейін оппозиция мен өзінің кейбір партияластары Мэйді отставкаға кетуге шақырған. Бірақ ол билікте қала беретінін және Консервативтік партиясы жаңа басқарушы коалиция құрайын деп жатқанда елдің "тұрақтылығын" қамтамасыз ететінін мәлімдеген.