Accessibility links

Лукашенко Назарбаевқа репрессияға ұшырағандардың құжаттарын берді


Беларусь президенті Александр Лукашенко Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа мұрағат құжаттарының көшірмесін табыстап тұр. Астана, 8 маусым 2017 жыл.
Беларусь президенті Александр Лукашенко Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа мұрағат құжаттарының көшірмесін табыстап тұр. Астана, 8 маусым 2017 жыл.

Беларусь Қазақстанға 1930 жылдардың соңында саяси қуғын-сүргінге ұшырап, Қазақстан территориясындағы лагерлерге айдалған әйелдерге қатысты анықталған мұрағат құжаттарының көшірмелерін табыстады.

Беларусь президенті баспасөз қызметінің хабарлауынша, Беларусь арнайы қызмет органдары анықтаған құжат көшірмелерін осы ел президенті Александр Лукашенко 8 маусымда Астанада Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесуінде табыстаған. Құжаттар Қарлагтің Ақмола облысындағы арнайы бөлімі - АЛЖИР лагері ("отанын сатқандардың әйелдеріне арналған Ақмола лагері") орнындағы тоталитаризм мен саяси репрессия құрбандарына арналған мұражай-мемориалдық кешеніне деп берілген.

АЛЖИР 1938 жылы қаңтарда құрылып, НКВД Қарлагының Ақмола арнайы бөлімшесі құрамында болған. АЛЖИР-де сегіз мыңға тарта әйел болған. Қарлаг 1930 жылдан 1959 жылға дейін жұмыс істеген. Тарихи деректер бойынша, осы жылдар аралығында лагерде миллионға тарта адам отырған.

Назарбаев пен Лукашенко да билікте жиырма жылдан астам уақыт бойы отыр. Құқық қорғаушылар екі ел басшыларын да белсенділерді қуғындап, азаматтарының ой-пікірін еркін білдіру құқығын басып-жаныштайды дейді. Екі ел билігі де мұны жоққа шығарады.

Беларусь президенті баспасөз қызметінің хабарлауынша, Назарбаев кездесуде Совет одағы кезінде Қазақстанның орталық бөлігінде жұмыс істеген лагерлерде тұтқындарды ұстау жағдайы туралы "Ол жерде адамдар азаптаудан қырылған. Мұны ұмытуға болмайды" деген.

XS
SM
MD
LG