Түркия президенті Режеп Ердоған жұма күні Катарға қолдау білдіріп, осы елді "терроршыларға қолдау білдіреді" деп айыптап отырған Парсы шығанағы мемлекеттерін Катарға қарсы блокаданы алып тастауға шақырды.
"Күні бүгінге дейін Катардың терроризмді қолдағанын байқаған емеспін" деген Ердоған Анкараның Дохаға қолдау білдіретінін мәлімдеген.
Оның пікірінше, "Арабиясы аймақтағы елдерді өзара татуластыру ісінде жауапкершілікті ең үлкен әрі ең күшті ел ретінде Сауд Арабиясы алуы тиіс". Ердоған Түркия Катарға әскерін жіберетіні және ол елді дәрі-дәрмек, сумен қамтамасыз ететіні туралы мәлімдеген.
Маусымның 9-ы күні АҚШ президенті Дональд Трамп Катарды "өте жоғары деңгейде терроризмді қолдайды" деп айыптап, "терроршыларды қолдауды доғаруды" талап еткен. Оның алдында АҚШ мемлекеттік хатшысы Рекс Тиллерсон Парсы шығанағы елдерін Катарға қарсы блокада "Ислам мемлекеті" террорлық тобына қарсы күреске және Катармен сауда-іскерлік байланыстарға бөгет болып отырғандықтан ол шараны бәсеңдетуге шақырған.
Бұған дейін Сауд Арабиясы бастаған тоғыз араб мемлекеті Катармен байланысы бар адамдар мен ұйымдар енген "терроршылар тізімін" жариялап, Катармен дипломатиялық қатынасын үзетіндерін мәлімдеген.
Катар билігі өзіне тағылған айыптарды жоққа шығарады.