Accessibility links

Қырғыз соты Текебаев пен Чотоновты қамауда қалдырды


Омурбек Текебаев (үстіңгі қатарда сол жақта) пен Дуйшенкул Чотонов (оң жақта) сотта тұр. Бішкек, 5 маусым 2017 жыл.
Омурбек Текебаев (үстіңгі қатарда сол жақта) пен Дуйшенкул Чотонов (оң жақта) сотта тұр. Бішкек, 5 маусым 2017 жыл.

Бішкек соты жемқорлық айыбы тағылған Қырғызстан парламентіндегі оппозициялық "Ата Мекен" фракциясының жетекшісі Омурбек Текебаевты қамауда қалдырған. Бұл туралы Азаттықтың Қырғыз редакциясына дүйсенбі күні Текебаевтың адвокаты Чинара Жакупбекова хабарлады. Оппозициялық саясаткер ақпанның 26-сы күні шетелден іссапардан оралысымен Бішкек әуежайында ұсталып, қамауға алынған. Текебаевпен бірге Қырғызстанның төтенше жағдайлар жөніндегі бұрынғы министрі Дуйшенкул Чотоновты да тұтқындаған.

Саясаткерлердің жақтастары билік оларға саяси себептерге байланысты қысым көрсетіп жатыр деп санайды.

Адвокаттың айтуынша, Бішкек қалалық соты Чотоновты да қамауда қалдыру туралы шешім шығарған. Омурбек Текебаев пен Дуйшенкул Чотоновтың үстінен қозғалған істі Бірінші май аудандық соты қарап жатыр.

Маусымның 8-і күні Бірінші май аудандық соты судьясы сотталушыларға қолданылған бұлтартпау шарасы бойынша шешім шыққанға дейін қылмыстық іс бойынша сот тыңдауын тоқтата тұруды бұйырған. Екі саясаткер Бішкектегі Қырғызстан мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитетінің тергеу абақтысында қамауда отыр.

XS
SM
MD
LG