Accessibility links

"Терроризмді насихаттады" деп айыпталған әйел өзін түрмеге қамамауды сұрады


"Терроризмді насихаттады" деп айыпталған Жанна Өмірова сот залында тұр. 29 мамыр 2017 жыл
"Терроризмді насихаттады" деп айыпталған Жанна Өмірова сот залында тұр. 29 мамыр 2017 жыл

Алматының Алмалы аудандық сотында Қапшағай қаласының 34 жастағы тұрғыны, "терроризмді насихаттады" деп айыпталған Жанна Өмірованың сотында айыпталушы соңғы сөзін айтты. Өмірова соттан өзіне түрмеге қамайтын айыптау үкімін шығармауды сұрады. Ол соттан өзінің кәмелетке толмаған екі баласы барын, жесір анасының ауыр науқас екенін ескеруді өтінді. Өмірова сонымен қатар өзіне қарсы істі ҰҚК қызметкерлері "қолдан жасағанын" және өзінің діни алауыздық тудырмағанын, терроризмді насихаттамағанын айтты.

Судья Қайрат Иманқұлов үкім бүгін кешке шығатынын айтып, кеңесуге шығып кетті.

Бұған дейінгі сотта прокурор Айдын Әкімханов Жанна Өмірованы "діни алауыздық тудырды және терроризмді насихаттады" деп айыптап, алты жыл сегіз айға соттауды сұраған.

Жанна Өмірова биыл қаңтарда қамалған. Оның күйеуі Жақшыбек Бимурзаев "терроризмді насихаттады" деген айыппен 25 жылға сотталған. Оның түрмеде жазасын өтеп жатқанына ендігі он жыл болды. Бұған дейін Жанна Өмірова түрмеге күйеуімен кездесуге ұдайы барып тұрған. Өмірованың кәмелет жасына толмаған екі баласы бар. Оларды Жанна Өмірованың 65 жастағы анасы Күләш Өмірова бағып отыр.

Тергеу болжамы бойынша, Жанна Өмірова тыйым салынған діни аудиодәрістерді әлеуметтік желілер арқылы таратумен айналысқан. Сарапшылар ол аудиодәрістер "Солтүстік Кавказда әрекет еткен террористік топтың өкілі Саид Бурятскийдің үндеулері" деген қорытынды жасаған. Алматының Алмалы аудандық қылмыстық істер соты оның ісін мамырдың 18-інде қарай бастаған.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

XS
SM
MD
LG