АҚШ-та Түркия президенті Режеп Ердоғанның 12 күзетшісін қамауға алуға ордер берілді. Қамауға алу туралы шешім Ердоғанның мамырда Вашингтонға жасаған сапарында АҚШ-тағы Түркия елшісінің резиденциясында болған төбелесті тергеу аясында қабылданған. Түркиядан шыққан АҚШ-тың тағы екі азаматы қамалған.
Колумбия округі полициясының басшысы Питер Ньюшем Ердоғанның көмекшілері Түркия елшісінің резиденциясы алдындағы наразылық акциясына қатысушыларды соққыға жыққанын растады. Бұған дейін Ердоғанның күзетшілері егер АҚШ-қа келсе олардың қамалатыны хабарланған.
Режеп Ердоған АҚШ-тың өз күзетшілерін қамауға ордер бергенін сынады. Түркия президенті елші резиденциясы алдында кезекшілік атқарған полицейлер әрекетсіздік танытты дейді. Анкарадағы АҚШ елшісі сыртқы істер министрлігіне шақыртылып, оған Вашингтон билігі Ердоған сапары кезінде оның қауіпсіздігін тиісті түрде қамтамасыз ете алмағанын мәлімдеген.
Мамырдың ортасында Ердоған барған АҚШ-тағы Түркия елшісінің резиденциясында Түркия билігін жақтайтындар мен қарсылардың арасында жанжал болған. Түркия президентінің күзет қызметкерлері наразылық танытушыларға күш қолданып, тоғыз адам зардап шеккен.