Accessibility links

БАҚ: Ұлыбритания WannaCry вирусына Пхеньянның қатысы барын анықтады


Компьютеріне WannaCry бопсалаушы вирусы арқылы кибершабуыл жасалған адам. 15 мамыр 2017 жыл.
Компьютеріне WannaCry бопсалаушы вирусы арқылы кибершабуыл жасалған адам. 15 мамыр 2017 жыл.

Ұлыбританияның киберқауіпсіздік жөніндегі ұлттық орталығы WannaCry бопсалаушы вирусын пайдаланып кибершабуыл жасауға Солтүстік Корея хакерлерінің қатысы бар деп біледі деп хабарлады BBC.

Ұлттық орталық хакерлер үкіметшіл Lazarus тобына қатысы бар болуы мүмкін дейді. Lazarus-тың Солтүстік Корея барлау қызметінің кибер бөлімшесі Bureau 121-мен байланысы бар делінеді.

Lazarus 2014 жылы Sony Pictures кинокомпаниясына хакерлік шабуыл жасаған соң аты шыққан. Ол кезде Sony Pictures Солтүстік Корея жетекшісін өлтіру көрінісі бар Interview фильмін шығарған. Кейін Lazarus халықаралық қаржы ұйымдарына шабуылдай бастаған. Пхеньян хакерлік шабуылға қатысы барын жоққа шығарады.

Бірер күн бұрын АҚШ-тың Ұлттық қауіпсіздік агенттігі WannaCry вирусын жасауға Солтүстік Корея билігінің қатысы бар деген.

Ал Flashpoint компаниясы жүргізген тергеу кибершабуылға қытай тілінде сөйлейтін адамдардың қатысы болуы екенін көрсеткен.

12 мамырда хакерлер 150 елдегі Windows операциялық жүйесі бар компьютерлерге бопсалаушы вирусты қолданып шабуыл жасаған. WannaCrypt [WCry немесе WannaCryptor деп те аталады] вирусы қолданылған кибершабуылдан 200 мыңнан астам адам жапа шеккен. Вирус бағдарлама компьютердегі мәліметтерді түгел бұғаттап тастап, оны қайта ашу үшін биткоинмен ақша төлеуді талап етеді. Ресейде кибершабуылға ішкі істер министрлігі, тергеу комитеті, ұялы байланыс операторлары мен Ресей теміржол компаниясының компьютерлері ұшыраған. Ұлыбританияда бопсалаушы вирустан мемлекеттің ауруханалар мен басқа да медициналық мекемелер зардап шеккен. Қазақстанда 12 мамырда Каспий теңізіндегі Қашаған кенішін игеріп жатқан NCOC компаниясы серверлеріне кибершабуыл жасалған.

XS
SM
MD
LG