Алматының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты жұма күні қала тұрғыны Мақсат Үсеновті "ұсақ бұзақылығы" үшін 10 тәулікке қамау туралы шешім шығарды деп хабарлайды Tengrinews агенттігі. Сот оны Алматыдан Таиланд астанасына жолаушылар ұшағымен кетіп бара жатқанда әкімшілік заң ережесін бұзған деп таныған. Сотқа ұшақта спиртті ішімдік ішіп, темекі тартқанын растаған Үсенов бірақ "ешкімді ар-намысына тіл тигізіп, балағаттамағанын" мәлімдеп, өзіне тоғыз тәулік әкімшілік қамау жазасын тағайындауды сұраған.
Маусым айының басында қазақстандық ақпарат құралдары ел азаматы Мақсат Үсеновтің Алматы-Бангкок бағыты бойынша ұшып бара жатқан жолаушылар ұшағында шу шығарып, ұшу ережесін бұзғаны, Air Astana ұшағы экипажы оны Бангкок әуежайында Таиланд полициясына табыс еткені туралы ақпарат таратқан. Кейін Қазақстан сыртқы істер министрлігі баспасөз қызметі "Мақсат Үсенов тәртіп бұзбауға уәде еткен соң Таиланд полициясы оны босатып, Қазақстан азаматы Вьетнамға ұшып кетті" деп хабарлаған.
Мақсат Үсенов 2013 жылдың соңында адам қазасына ұласқан жол-көлік апатына айыпты адам ретінде қоғам назарына іліккен. Ол жолғы іс тараптардың келісімге келуіне байланысты тоқтатылған. Сот Үсеновті 45 тәулікке әкімшілік қамауға алып, 2018 жылға дейін жүргізуші куәлігінен айырған. Бірақ 2014 жылы Мақсат Үсенов тағы да бір жол-көлік апатына ұрынып, бір адам зардап шеккен. Ол оқиға үшін сот Үсеновті бұрынғысына қосымша тоғыз айға жүргізуші куәлігінен айыру туралы шешім шығарған.