Әлемдік саясаттың белгілі тұлғалары Германияның экс-канцлері Гельмут Кольдың қайтыс болуына байланысты марқұмның отбасына көңіл айтып, оның Еуропа пен әлемдегі дамуға және қауіпсіздікке сіңірген еңбегіне баға беріп жатыр.
Еурокомиссия төрағасы Жан-Клод Юнкер Гельмут Кольді Батыс пен Шығысты жалғастырған көпір салушы және Еуропаның болашағы үшін озық жоспар әзірлеген адам ретінде сипаттады. Еуропалық кеңес басшысы Дональд Туск Кольді «Еуропаны біріктіруге жәрдемдескен мемлекет қайраткер әрі дос» деп атаған. НАТО бас хатшысы Йенс Столтенберг Гельмут Коль «бірегей Еуропада Германияның бірігуін іске асырған» тұлға деп санайды. Франция президеті Эммануэль Макрон Кольді "біріккен Германия мен неміс-француз достығының ізашары" деп сипаттаған.
1980 жылдары Гелмут Кольмен тығыз қарым-қатынаста болған бұрынғы СССР-дың тұңғыш әрі соңғы президенті Михаил Горбачев экс-канцлердің "Германия, Еуропа мен әлем тарихында елеулі із қалдырған біртуар тұлға екені сөзсіз" деп мәлімдеген.
"Неміс толқыны" медиакорпорациясының хабарлауынша, АҚШ президенті Дональд Трамп өзгелердің соңында көңіл айтқан. Жұма күні Майамиде жарты сағатқа жуық әртүрлі тақырыптарды қаузаған Трамп Гельмут Кольдің қазасына қатысты ешнәрсе айтпаған. Әйткенмен АҚШ президенті Германияның экс-канцлерінің өмірден өтуіне байланысты өзге мемлекеттер мен үкіметтер басшыларынан едәуір кешігіп ресми мәлімдеме жариялап, көңіл айтқан деп хабарлайды DPA. Трамп Кольді "АҚШ-тың досы әрі одақтасы" және "біртұтас Еуропа мен трансатлантикалық байланысты жақтаушы" деп атаған.
Гельмут Кольдің қайтыс болуына байланысты АҚШ-тың бұрынғы президенттері үлкен Джордж Буш пен Билл Клинтон да көңіл айтып, пікір білдірген. Гельмут Кольдің "соғысты жек көрді, бірақ тоталитаризмді одан да бетер жек көретін", - деген үлкен Буш. Клинтон Кольге "өз заманының ең маңызды сауалына жауап беруге тура келгенін" және оның жауабы "дұрыс" болғаны жайлы айтқан.