Испания астанасында наразылық шеруіне шыққан бірнеше мың адам ел үкіметін бұған дейін 17 мың босқын қабылдау туралы алған міндеттемесін орындауға шақырды. Құқық қорғаушылардың мәліметі бойынша, қазірге дейін Испания тек 1300 мигрантты ғана қабылдап, орналастырған.
Amnesty International тәрізді ондаған үкіметтік емес ұйымдардың бастамасы бойынша өткен акцияға биліктен нақты іс-шара атқаруды талап еткен демонстранттар «Ақталғандарың жетер, бөгет қоюға жол жоқ!» деген жазу ұстап шықты.
2015 жылы мақұлданып, бекітілген екі жылдық жоспарда Грекия мен Италиядан 160 мың босқынды Еуропа Одағына бөліп орналастыру белгіленсе де, биылғы маусымның басына дейін Еуроодақ елдері 20 мыңнан кем босқын қабылдаған. Венгрия, Польша мен Чехия сынды елдер мигрант қабылдау жөніндегі алған міндеттемелерін орындаудан бас тартып отыр.
Еуропа Одағы басшылығының кей мүшелері мен одақ құрамындағы кей елдердің жетекшілері көші-қон жоспарының сәтсіздікке ұшырағанын мәлімдеп, босқындарға қатысты дағдарысты ахуал қалыптасып отыр деп санайды.