Солтүстік Қазақстан облыстық сотының апелляциялық алқасы Ақжар ауданына қарасты Бостандық ауылындағы жер мәселесіне қатысты сот шешімін өзгеріссіз қалдырды.
Жерге иелік ету құқығынан айырылған Бостандық ауылының тұрғындары өздеріне тиесілі 6214 гектар жер телімін әлі қайтара алмай жүргенін айтады. Тұрғындардың сөзінше, егістік жерді жалға алушы "Бостандық" серіктестігі қарызға батып, халыққа тиесілі жерді тұрғындар сыртынан кепілдікке қойған. Биыл наурызда Ақжар аудандық соты серіктестік мойнындағы борышын уақытында қайтармағандықтан, кепілдегі тұрғындары жерін аукцион арқылы сатуға шешім шығарған. Сот орындаушысы жерді арестке қойып, аукцион арқылы сатып жіберген.
Тұрғындар "халыққа тиесілі жерді сату заңсыз" деп, облыстық сотқа шағымданған. Бірақ 20 маусымда апелляциялық шағымды қараған судья Сәкен Тілегенов тұрғындар талабын қанағаттандырудан бас тартып, аудандық сот шешімін өзгеріссіз қалдырды.
Бостандық ауылының тұрғындары өздеріне тиесілі жердің жеке меншікке сатылып кеткенін кеш білгенін айтады. Сатылып кеткен 6214 гектар жер 565 адамға тиесілі. Жерін қайтаруды талап еткен тұрғындар енді Жоғарғы сотқа шағымданатындарын айтады.