Accessibility links

Досқалиев: "Миы тоқтаған адамның органын рұқсатсыз алуға болады"


Жақсылық Досқалиев, республикалық трансплантация орталығының басшысы. Ақтөбе, 21 маусым 2017 жыл.
Жақсылық Досқалиев, республикалық трансплантация орталығының басшысы. Ақтөбе, 21 маусым 2017 жыл.

Қазақстан заңына сай, көзі тірісінде донорлықтан бас тартпаса, онда дәрігерлер миы жұмыс істеуін тоқтатқан адамның ішкі органдарын рұқсатсыз ала беруіне болады деп мәлімдеді республикалық трансплантация орталығының басшысы Жақсылық Досқалиев. Орталық басшысы бұл туралы Ақтөбеде дәрігерлердің ауруханада көз жұмған адамның ішкі органдарын алуына қатысты туындаған даудан соң өткізген баспасөз мәслихатында айтты.

- "Халық денсаулығы мен денсаулық сақтау туралы" кодекске сай, пациент көзі тірісінде донорлықтан бас тартпаса, дәрігерлер миы жұмыс істеуін тоқтатқан адамның ішкі органдарын рұқсатсыз ала беруіне болады. Келісім презумпциясы оған мүмкіндік беріп отыр, - деді Досқалиев.

Ақтөбе облысы Байғанин ауданы Алтай батыр ауылының 23 жастағы тұрғыны, марқұм Серікболсын Көшербайдың туыстары бұған дейін облыстық денсаулық сақтау департаменті мен облыстың бас хирургын сотқа берген. Шағымданушы Балдәурен Нұрлыбаеваның айтуынша, ағасы Серікболсын Көшербай ауыр ми жарақатымен Ақтөбедегі жедел жәрдем ауруханасына жеткізіліп, 4 маусымда сол жерде көз жұмған. 4 маусым күні туыстарына Серікболсын Көшербайдың қайтыс болғанын хабарлаған. Туысы Есенжан Тынымұлы марқұмның анасы, қарындасы, ағасы "ол қайтыс болғанға дейін аурухана жанында болғанын, бірақ ешкім өздеріне Серікболсын Көшербайдың ішкі органын алдық деп хабарламағанын" айтады. Бұл іс бойынша сот 20 маусымда басталған.

Жиында Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау департаментінің бастығы Әсет Қалиев жергілікті емханаларда донорлық мәселесіне қатысты түсіндіру жұмыстарын күшейтетінін айтты. Оның сөзінше, ақтөбеліктер өздері тіркелген емханаға барып, донорлыққа қарсылығы немесе қарсы еместігі туралы құжат толтыра алады.

Әсет Қалиев, Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау департаментінің басшысы. Ақтөбе, 21 маусым 2017 жыл.
Әсет Қалиев, Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау департаментінің басшысы. Ақтөбе, 21 маусым 2017 жыл.

Досқалиев баспасөз конференциясынан соң марқұмның Ақтөбедегі туыстарына барып, көңіл айтып шығатынын айтты

Марқұм Серікболсын Көшербайдың туысы Есенжан Тынымұлы да адвокатымен бірге баспасөз конференциясына қатысты. Ол жиыннан соң Азаттыққа дәрігерлерге қарсы талап-арызынан сонда да болса бас тартпайтынын айтты.

- Қандай заң ол? Туыстарына бір ауыз ескертуге болмайтын ба еді?, - деген ол өз пікірінде қала беретінін айтты.

Ресми ақпарат бойынша, Қазақстанда 3500 пациент ішкі орган ауыстыруға мұқтаж болып кезекте тұр.

XS
SM
MD
LG