Accessibility links

Тасқыннан зардап шеккен көкпектілік бірнеше тұрғын сотта жеңілді


2014 жылғы наурызда су бөгетін бұзған тасқыннан қатты зардап шеккен Көкпекті ауылы. Қарағанды облысы, 20 маусым 2016 жыл.
2014 жылғы наурызда су бөгетін бұзған тасқыннан қатты зардап шеккен Көкпекті ауылы. Қарағанды облысы, 20 маусым 2016 жыл.

2014 жылғы су бөгетін бұзған тасқын кесірінен зардап шеккен Қарағанды облысындағы Көкпекті ауылының бірнеше тұрғыны жазған талап арызды сот қанағаттандырудан бас тартты. Бірақ соттың қарауында Көкпекті ауылының тасқыннан зардап шеккен ондаған басқа тұрғындары берген талап арыздар жатыр. Талап арыз иелері соттан өздерінің бүлінген баспаналары мен дүние-мүліктері үшін ықтимал материалдық зиян үшін тиесілі өтемақыны, ал кейбірі ауылды тасқын су алғанда күйзеліске түскені және жарақат алғаны үшін өздеріне келген ықтимал моральдық шығынды өндіртіп беруді сұрайды.

Жауап беруші тарап үшеу: тасқын кезінде су қоймасын жалға алған Владимир Крючков, Бұқар жырау аудандық төтенше жағдайлар жөніндегі бөлім бастығы Ришат Жантөлеков және Көкпекті ауылының бұрынғы әкімі Бақытжан Смайылов. Үшеуі де арыз иелерінің қойып отырған талаптарымен келіспейді. Оларға қарсы ондаған азаматтық талап өтініштері Қарағанды қаласының Қазыбек би аудандық 2-сотының қарауында жатыр.

Мысалы, сот Көкпекті ауылының тұрғындары Татьяна Кузнецова мен Нұрбақыт Асанованың ықтимал материалдық зиян және моральдық шығын туралы өтініштерін қанағаттандырмай тастаған. Ауыл тұрғыны Шайзат Садықованың талап арызын қараған басқа судья да оны қанағаттандырудан бас тартқан. Сот "КазМИРР" жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің әзірлеген үйді қалпына келтірудің сметалық құжаттары тасқын әкелген шынайы зиян сомасына дәлел бола алмайды деп ұйғарым жасаған. Сонымен бірге сот "Көкпекті ауылындағы зардап шеккендерге көмек қоры" қоғамдық ұйымынан берілген материалдық жәрдем құрылыс материалдарын сатып алу және үй жөндеуге, сонымен бірге жихаз сатып алуға жеткілікті деп санайды.

Көкпекті ауылының тағы бір тұрғыны – зейнеткер Нина Иванованың талап арызын сот қанағаттандырды. Оның арызын да басқа судья қараған. Тасқын зейнеткердің үйіне күрделі жөндеу жасау үшін бірнеше жыл бойы жинаған құрылыс материалдары сақталған шөп қорасын ағызып әкеткен. Ауыл тұрғыны соттан жауапкерлер Крючков, Смайылов пен Жантөлековтен бір миллион 447 мың теңге өндіртіп беруін сұраған. Сот жауапкерлердің талап арыз иесіне 123 мың теңге төленгені туралы келтірген уәжі "аталған төлем жихаз бен тұрмыстық техника сатып алу үшін материалдық көмек ретінде берілгендіктен назарға алынбайды" деген ұйғарым шығарған.

2014 жылғы наурыздың 31-іне қараған түні бұрын-соңды болмаған тасқын Көкпекті су қоймасын бұзып, салдарынан Көкпекті ауылын биіктігі екі метрге жететін су басқан. Тасқыннан бес адам опат болған. 323 үйді су алып, оның 50-ін құлатқан. Көкпектіге қоңсы Қарағанды қаласы Октябрь ауданы Рабочий кентінде тасқын 21 үйді бүлдіріп, тоғыз үйді бұзып кеткен.

XS
SM
MD
LG