Accessibility links

Оралда ИМ тобы туымен суретке түскен сегіз адамға сот үкімі шықты


"Терроризмді насихаттау" және "терактіге дайындалу" айыптары тағылған Батыс Қазақстан облысы Жаңақала кентінің тұрғындары мен олардың адвокаттары сот үкімін тыңдап тұр. Орал, 21 маусым 2017 жыл.

Батыс Қазақстан облыстық мамандандырылған ауданаралық қылмыстық соты бүгін Жаңақала ауданындағы Жаңақала кентінің сегіз тұрғынын "Террорлық топ құру және оның қызметіне қатысу", "Терроризмді насихаттау" және "Терактіге дайындалу" баптары бойынша айыпты деп танып, бес жылдан он бес жылға дейінгі мерзімдерге бас бостандығынан айыру туралы үкімді жариялады.

Сот материалдарында 25 пен 33 жас аралығындағы бұл сегіз азаматтың "Алладан басқа құдай жоқ" деген жазуы бар қара матаның алдында кәмелетке жасы толмаған балалармен бірге суретке түскені және жергілікті ішкі істер бөліміне шабуыл жасамақ болғаны туралы айтылған.

Батыс Қазақстан облыстық мамандандырылған ауданаралық қылмыстық сотының судьясы Бақыт Ермаханов журналистерге іс материалдарындағы суреттерді көрсетті. Бірақ судья оған дейін журналистерге суретке және видеоға түсіруге тыйым салды.

Сот Ғабдешов мен Жантасовты 15 жылға, Қисметовті – 12 жылға, Қайырғалиев, Арыстанов пен Бижановты – 11 жылға, Әбікеновті – алты жарым жылға және Рахматуллинді бес жылға бас еркіндіктерінен айырып, дүние-мүліктерін тәркілеу туралы үкім шығарды. Сегізі де жазаларын қатаң тәртіптегі колонияда өтейтін болды.

Сот таратқан баспасөз баянында "Ақтөбеде 2016 жылғы маусымның 5-і күні жасалған терактілер қатты әсер еткен Ғабдешовтің" теракті жасау туралы жоспар құрып, ол жөнінде өзгелермен бөліскені айтылған. Тергеу материалдарына сәйкес, топ мүшелері ауылдың төңірегінде көліктерімен қара түсті ту көтеріп жүріп, оның алдында суретке түскен және "Аллаху акбар!" деп айғайлаған. "Осылайша "Ислам мемлекеті" террорлық ұйымының идеясы мен ол жүргізіп отырған жихадты қолдайтындарын білдірген", - делінген сот үкімінде.

Сотталушылар өздеріне тағылған айыптарды жоққа шығарады. Олардың адвокаттары мен туыстары сот үкіміне қарсы шағым бермекші.

Өткен жылғы маусымда Ақтөбе қаласында бір топ жас азамат қару сататын бірнеше дүкенді тонап, жергілікті әскери бөлімшеге шабуылдаған. Шабуылдар мен атыстар барысында жеті бейбіт тұрғын қаза тапқан.

  • 16x9 Image

    Санат ОРЫН ӘЛИ

    Санат 2014 жылы қарашада Азаттықтың Батыс Қазақстандағы тілшісі ретінде қызметке кірісті. 2005 жылы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген. Қызмет жолын "Уральская газета" басылымында бастаған. 2006-2014 жылдары Алматы мен Астанадағы түрлі БАҚ-тарда жарияланып тұрған.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG