Accessibility links

Студент өліміне қатысты сотта тергеушілер жауап берді


Студент өліміне күдікті Тойшыбек Асамов. Алматы, 19 маусым 2017 жыл.

Алматының Бостандық аудандық №2 сотында Қазақ Ұлттық аграрлық университеті (ҚазҰАУ) студенті Дидар Болысбектің өліміне қатысты сот отырысы жалғасты деп хабарлайды Азаттық тілшісі.

Бұл іс бойынша сотқа айыпталушы ретінде ҚазҰАУ-дың екінші курс студенті Тойшыбек Асамов тартылған. Істі судья Арай Нұғманова жүргізіп жатыр. Бүгінгі отырыста Асамовтың адвокаты Тойбек Жолдасовтың сұрауымен тергеушілер мен сот сараптама өкілі сұралды.

Адвокаттың айтуынша, "істі тергеген Бостандық аудандық ішкі істер басқармасының тергеушілері Бағдат Әметбек пен Олжас Байбеков тергеу хаттамасын өзгерткен және бес куәгердің жауабын үтір-нүктесі, қатесіне дейін бірдей жаза салған".

Тергеуші Олжас Байбеков бес куәгердің жауабы бірдей болып кеткенін "техникалық қателік болар" деп түсіндірді. Ал Бағдат Әметбек хаттаманың өзгергеніне байланысты "есімде жоқ, күніне бес-алты оқиғаға барамын, көп жайттар есімде қалмайды" деп жауап берді. Адвокат тергеушілердің жұмысына күдік келтірді.

Ал сот сараптамасын жүргізген сарапшы Мейіржан Байсадықов "Экспертиза қорытындысы бойынша, Дидар Болысбек жүрек тұсынан алған ауыр соққыдан бірден қайтыс болып кеткен. Бұрын оның жүрек ауруы болмаған" деді. Айыпталушы Асамов "денсаулығым болмай тұр" деп бүгін жауап беруден бас тартты. Келесі сот отырысы алдағы күндері өтеді.

Бүгінгі соттан кейін айыпталушы Асамовтың анасы әрі қоғамдық қорғаушысы Саламат Асамова журналистерге сұхбат беріп, "төбелесте өз ұлынан бөлек тағы алты бала болғанын" айтты. "Олар да Дидар Болысбекті соққан. Бірақ алты бала бұл істе куәгер ретінде көрсетілген. Олар да сот алдында жауап беру тиіс" деді.

Биыл 12 сәуірде Қазақ ұлттық аграрлық университетінің жатақханасында бірінші және екінші курс студенттері арасында төбелес болып, бірінші курс студенті Дидар Болысбек қаза тапқан. Осы іске қатысты екінші курс студенті Тойшыбек Асамов қамауға алынған. Болысбектің курстастары алғашқы сот отырысында "Асамов бастаған 2-курс студенттері әлімжеттік жасап, бес мың теңге жинап беруді талап етті. Талапты орындамаған соң соқты" деп жауап берген. Асамовқа Қылмыстық кодекстің 106-бабының 3-бөлігі ("Адам денсаулығына қасақана ауыр нұқсан келтіру"), 194-бабының 1-бөлігі ("Күштеп мүлкін тартып алу") бойынша айып тағылып отыр.

Асамов оқиға орнында болғанын растағанымен, өзіне тағылған айыпты мойындамайтынын мәлімдеген.

  • 16x9 Image

    Руслан МЕДЕЛБЕК

    1990 жылы 4 қаңтарда дүниеге келген.

    Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетін "Халықаралық журналистика" мамандығы бойынша тәмамдаған.

    Халықаралық спорт журналистері қауымдастығы мен Халықаралық олимпиада комитетінің жас репортері.

    "Спорт", "Қазақ спорты" газеттерінде, "Алматы" телеарнасында журналист-репортер болған. 2012 жылдан бері "Азаттық" радиосының тілшісі. Сочи - 2014 қысқы және Рио - 2016 жазғы олимпиада ойындарынан тікелей хабар таратты.

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

XS
SM
MD
LG