Пәкістанның оңтүстік-батысындағы Кветта қаласында жарылыс болып, кем дегенде бес адам қаза тапты, 14 адам жараланды. Пәкістан билігі өкілдерінің хабарлауынша, жарылыс қалалық полиция басшылығы орналасқан ғимаратқа қарама-қарсы жерде болған. Жарылыстан полиция көлігі қираған.
Кветта - табиғи ресурстарға бай, сепаратистік күштер мен көтерілісшілердің шабуылы жиі болатын Белуджистан провинциясының әкімшілік орталығы.
"Жарылыс орнынан бізге құрбан болған бес адамның мәйітін алып келді. 14 адам жараланған. Олардың алтауы - ауыр халде" деді жергілікті аурухананың дәрігері Фарид Ахмед.
Жарылыс себебі әзірге белгісіз. Полиция шенеунігі Мохаммед Терик жарылыста ғимаратқа қарама-қарсы тұрған полиция көлігі нысанаға алынғанын айтты.