Донбаста оқ атпау туралы жасалған келісімге қарамастан, ресейшіл сепаратистер жаудырған оқтан украиналық екі сарбаз қаза тауып, тағы екеуі жараланды деп хабарлады Украинаның шығысындағы үкіметтік әскери операциялар баспасөз орталығы.
Facebook әлеуметтік желісіндегі аталған орталықтың парақшасында жарияланған ақпаратта сенбіге қараған түні сепаратистер Донецк (Авдеевка, Верхнеторецкое елді мекендері) және Луганск (Катериновка, Крымское селолары) бағыттарында алты рет оқ атқаны айтылған.
Бұған дейін Шығыс Украинадағы жанжалды реттеу бойынша байланыс тобына қатысушы тараптар сәрсенбі күні Минскіде маусымның 24-інен бастап Донбастта оқ атпау туралы келісімге келген болатын. Егін жинау кезінде оқ атпау туралы жасалған бұл бітім тамыздың 31-іне дейін күшінде болады деп келісілген.
Маусымның 21-і күні Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы миссиясы басшысының орынбасары Александр Хуг Шығыс Украинада үкімет әскерилері де, сепаратистер де Минскі келісімдерін орындамай отыр деп мәлімдеген. Оның сөзінше, екі тарап та жанжал аймағынан ауыр қару-жарақты әкетпеген, аралық аймақ миналардан тазаланбаған және әрқайсысы өз позицияларына бақылаушыларды кіргізбей қойған.