«Ресей тыңшылары» деген айыппен 2011 жылы АҚШ-тан қуылған ерлі-зайыптылардың ұлы Александр Вавилов (туған кездегі тегі - Фоли) ұзаққа созылған соттардан кейін жеңіске жетіп, өзіне Канада азаматтығын қайтарып алды.
Ол 1994 жылы Торонтода Дональд Хитфилд пен Трейси Энн Фолидың отбасында дүниеге келген. Кейін ата-анасымен бірге әуелі Францияға көшкен, сосын АҚШ-қа барып тұрған. 2010 жылы Бостонда жасөспірім ұлдың көз алдында әке-шешесін АҚШ федералдық тергеу бюросының қызметкерлері тұтқындаған. Тергеу кезінде оның ата-анасы шындығында Ресей азаматтары екенін және Ресей барлауының агенттері екенін мойындаған.
Биліктің қойған сауалына ант ұстап берген жауабында жасөспірім Александр ата-анасы Андрей Безруков пен Елена Вавилованың немен айналысқанынан бейхабар болғанын мәлімдеген. Бірақ Канада билігі оны Ресейге шығарып жібергеннен кейін сол елде білім алып, орта мектепті тәмамдаған.
2014 жылы Канада Александр Вавиловты «ата-анасы шет мемлекеттің пайдасына тыңшылық жасаған» деген негізбен азаматтықтан айырған. Бірақ 2017 жылғы маусымның 23-інде Канада апелляциялық соты Александр Вавиловқа Канада азаматтығын қайтару туралы шешім шығарды.