Accessibility links

Сот Слекишинаның жазасын жеңілдетпеді


Наталья Слекишина (оң жақта) адвокаты Айман Омаровамен бірге. Алматы, 30 қыркүйек 2016 жыл.
Наталья Слекишина (оң жақта) адвокаты Айман Омаровамен бірге. Алматы, 30 қыркүйек 2016 жыл.

Алматының Наурызбай аудандық соты тергеу абақтысында зорлық жасалып, түрмеде нәрестелі болған Наталья Слекишинаға рақымшылық жасап, жазасын жеңілдетуден бас тартты.

Алматы қалалық сотының баспасөз хатшысы Дияс Махамбетовтің айтуынша, сот Слекишинаның Қазақстан тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай жарияланған рақымшылық жасау туралы заң бойынша өтелмеген жаза мерзімінің жартысын азайту туралы өтінішін қанағаттандырудан бас тартқан. Сот Слекишина сотталған "қарақшылық жасау" бабының рақымшылық жасауға жатпайтынын айтқан.

Наталья Слекишина 2015 жылы "қарақшылық жасаған" деген айыппен сегіз жылға сотталған. 2016 жылы жазда ол қылмыстық атқару жүйесі департаментінің Алматыдағы ЛА-155/18 мекемесінде тергеу кезінде қамауда отырған кезде зорлауға ұшырағаны туралы мәлімдеген. Слекишина өзін түрменің бірнеше қызметкері топтасып зорлап, содан жүкті болғанын, кейін босанғанын айтқан. Күдіктілер тұтқын әйелдің сөзін жоққа шығарған. Кейін сараптама нәтижесінде абақтыда дүниеге келген сәбидің әкесі түрме қызметкерлерінің бірі – 37 жастағы Руслан Хакимов екені анықталған.

2016 жылы қыркүйектің 30-ы күні Алматының Түрксіб аудандық соты түрме қызметкері Руслан Хакимовты "зорлау", "азаптау" және "билiгін немесе лауазымдық өкiлетін асыра пайдалану" бойынша айыпты деп танып, тоғыз жылға бас бостандығынан айыру туралы шешім шығарған.

Алматы облысының Іле аудандық соты 2016 жылы 23 желтоқсанда Слекишинаның жазасын өтеуді жасқа толмаған кіші қызы кәмелетке толғанға дейін 5 жылға кейінге қалдыру туралы өтінішін қанағаттандырған. 31 қаңтарда Алматы облыстық соты Слекишинаның жазасын кейін өтеуіне рұқсат беріп, биыл 3 ақпанда ол бостандыққа шыққан.

XS
SM
MD
LG