Accessibility links

Наталья Слекишина бостандыққа шықты


Түрмеде дүниеге келген нәрестесімен бірге бостандыққа шыққан Наталья Слекишина СИ-1 тергеу изоляторы алдында журналистерге сұхбат беріп тұр. Алматы, 3 ақпан 2017 жыл.

Алматының тергеу абақтысында зорлық жасалып, түрмеде нәрестелі болған Наталья Слекишина бүгін бостандыққа шықты.

Алматыда түрмеде зорланып, кейін қамауда босанған тұтқын әйел Наталья Слекишина ақпанның 3-і күні тоғыз айлық нәрестесімен бірге қамаудан босатылды.

33 жастағы Наталья Слекишина мен сәбиін абақты алдында әпкесі және бірнеше дос-жақындары қарсы алды. Слекишина Азаттық тілшісіне өзінің қамаудан шыққанына қуанышты екенін, бостандықта немен айналысатыны туралы әзірше білмейтінін айтты. Өз сөзінше, бұрын сұлулық салонында еңбек еткен ол бәлкім сол кәсібіне қайта ораламын ба деген ойымен де бөлісті. Түрмеде дүниеге келген кішкентай қызынан басқа Слекишинаның үлкен ұлы қазір Тараз қаласында өз әкесімен бірге тұрады.

Наталья Слекишинаның сәбиімен түрмеден шыққан сәті:

Өткен жылы желтоқсанның 23-і күні Алматы облысы Іле аудандық соты Наталья Слекишинаның кәмелетке толмаған балалардың анасы екенін ескеріп, жазасын өтеуді 5 жылға кейінге қалдыруды сұрап берген өтінішін қанағаттандырған. Қаңтардың 31-і күні Алматы облыстық соты Слекишинаның жазасын кейін өтеуіне рұқсат берген.

Наталья Слекишина 2015 жылы "қарақшылық жасаған" деген айыппен сегіз жылға сотталған. 2016 жылы жазда ол қылмыстық атқару жүйесі департаментінің Алматыдағы ЛА-155/18 мекемесінде тергеу кезінде қамауда отырған кезде зорлауға ұшырағаны туралы мәлімдеген. Слекишина өзін түрменің бірнеше қызметкері топтасып зорлап, содан жүкті болғанын, кейін босанғанын айтқан. Күдіктілер тұтқын әйелдің сөзін жоққа шығарған. Кейін сараптама нәтижесінде абақтыда дүниеге келген сәбидің әкесі түрме қызметкерлерінің бірі – 37 жастағы Руслан Хакимов екені анықталған.

Тұтқын әйелді зорлау ісі бойынша 2016 жылғы тамызда басталған сот процесінде айып жалғыз адамға – Руслан Хакимовке тағылған. Слекшина сотқа берген арызында жауапқа тартуды талап еткен тергеу абақтысының өзге үш қызметкері сот процесіне куәгер ретінде қатысқан. Іс бойынша жүргізілген тергеу олардың қылмысқа қатысы барын дәлелдейтіндей еш айғақ таппаған.

Алматы сотының 2016 жылғы қыркүйектегі үкімі бойынша, Руслан Хакимов түрмеде отырған әйелді зорлағаны үшін айыпты деп танылып, тоғыз жылға бас еркіндігінен айрылған. Соттағы соңғы сөзінде Хакимов өзіне тағылған "зорлау" айыбын мойындамайтынын, тұтқын әйелмен екеуінің арасында "келісім бойынша жыныстық қатынас болғаны" туралы мәлімдеген. Сонымен бірге ол өзіне тағылған азаптау айыбын да мойындамай, "қызмет өкiлетін асыра пайдаланғанын" айтқан.

Адвокат Айман Омарованың Азаттыққа сұхбаты:

Хакимовке сот үкімі шықпай тұрып Наталья Слекишина адвокатынан бас тартатыны туралы кенеттен мәлімдеме жасаған. Кейін оның адвокаты Айман Омарова Facebook әлеуметтік желісінде жариялаған мәлімдемеде Слекишина түрмеде өз қауіпсіздігі мен денсаулығына алаңдайтыны, өзін бұған дейін берген куәліктерін өзгертуге мәжбүрлегені туралы айтқан. Бұл мәлімдеме жария болып кеткен соң Омарова қайтадан Слекишинаның адвокаты болып тағайындалған.

Адвокат Айман Омарова Азаттыққа Наталья Слекишинаның бес жыл бойы сынақта болатынын айтты. Ол сонымен қатар енді Слекишинаның қылмыстық ісін "жаңа деректердің табылғанына байланысты" қайта қарау жайын қозғаумен айналысатынын айтты.

Бұған дейін ұлттық превентивтік механизмі үйлестіру кеңесі абақтыда зорланған тұтқын Наталья Слекишинаның ісі мен оған байланысты жайттар қоғамда үлкен резонанс тудырып, құқық қорғаушылардың талқысына түскенін мәлімдеген. Сонымен бірге мәлімдемеде мұндай қылмыстардың "бірлі-жарым емес екендігі" және "бас еркіндігінен шектеу орындарындағы әйелдерге қатысты ахуал алаңдаушылық туғызатыны" айтылған.

  • 16x9 Image

    Мәншүк АСАУТАЙ

    1980 жылы туған. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген.

    Қарағанды қаласындағы жергілікті телеарнада қызмет еткен. 2004 жылдан бері Азаттықтың тілшісі. 

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

XS
SM
MD
LG