Accessibility links

Бішкекте Қытай елшілігіндегі жарылысқа қатысты сот үкімі шықты


Бішкектегі Қытай елшілігінің қақпасын соғып кіріп, жарылған көлік. Тергеу болжамынша, суреттегі көлікте жанкешті отырған. Бақылау камерасындағы видеодан скриншот.
Бішкектегі Қытай елшілігінің қақпасын соғып кіріп, жарылған көлік. Тергеу болжамынша, суреттегі көлікте жанкешті отырған. Бақылау камерасындағы видеодан скриншот.

Бішкектің Первомай аудандық сотында Қытайдың Қырғызстандағы елшілігінде болған жарылысқа қатысты айыпталғандардың соты аяқталды. Азаттықтың Қырғыз редакциясының сотталушылардың адвокаты Курманбек Туйбаевқа сілтеме жасап хабарлауынша, судья "жарылыс ұйымдастыруды қаржыландырды" деп айыпталғандарға 10 жылдан 18 жылға дейінгі мерзімдерге бас еркінен айыру жазасын кесіп, дүние-мүліктерін тәркілеуге үкім шығарды.

Хикматилло Абдулажанов мен Куназим Мансирова 10 жылға, Хасамидин Исмаилов 18 жылға сотталған. Абдулажанов жазасын күшейтілген режимдегі колонияда, Мансирова әйелдер колониясында, Исмаилов қатаң режимдегі колонияда өтейді.

Сотталғандардың адвокаты аудандық сот шешімін "дәлелге құрылмаған, заңсыз" деп санайды және қалалық сотқа апелляциялық шағым түсірмек ниетте.

Қырғызстан арнайы қызметінің мәліметінше, Қытай елшілігінде жарылыс ұйымдастыру туралы тапсырманы "Джабхат әл-Нусра" террорлық ұйымының эмиссары "Джамаат Таухид уа Джихад" ұйымының жетекшісі, Ош облысының Кара-Суу ауданынан шыққан Абу Салох арқылы берген. Тергеу бұл эмиссарлар терактіні қаржыландырған дейді. Абу Салохқа халықаралық іздеу жарияланған.

Қырғызстан Мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитетінің хабарлауынша, Абу Салох терактіні үйлестіруге Жалал-Абад облысының Сузак ауданынан шыққан, Түркияда жүрген Бурханидин Жантораевті (Абу Ахмед деген атпен белгілі) тартқан.

2016 жылы 30 тамызда Бішкектегі Қытай елшілігінде жарылыс болған. Шабуылда жанкештінің өзі мерт болып, елшіліктің үш қызметкері жараланған.

Әуелде бұл жарылысты ұйымдастырды деп алты адам күдікке ілінген. Кейін тергеу барысында олардың үшеуінің жарылысқа қатысы жоғы анықталды.

XS
SM
MD
LG