Accessibility links

"Роскомнадзор": Telegram Ресейде ақпарат таратушы ретінде тіркелетін болды


Көрнекі сурет.

Ресейдің ақпараттық технология және телекоммуникация саласына бақылау жасайтын мекемесі "Роскомнадзор" Telegram мессенджері Ресейде ақпарат таратушы ретінде тіркелетінін мәлімдеді. "Роскомнадзор" басшысы Александр Жаровтың сөзінше, Telegram ұялы байланыс қосымшасының негізін салушы Павел Дуров билікке мессенджерді арнайы реестрге алу үшін сұратқан барлық мәліметтер мен құжаттарын тапсырған.

Ресей билігі бұған дейін Telegram мессенджерін ондағы қолданушылардың хат-хабар алмасу шифрының кілтін бермесе бұғаттайтынын ескерткен.

Дуров Ресей "Роскомнадзор" басшысына жазған жауабында Telegram Ресейдің терроризмге қарсы заңдарының "конституцияға қайшы және техникалық тұрғыдан мүмкін емес" талаптарын орындамайтынын айтқан еді.

2013 жылы негізі қаланған Telegram мессенджері ақпарат алмасуға арналған WhatsApp, iMessage, Facebook Messenger және басқа да қосымшалар тәрізді өз жұмысында хат-хабарды бөтеннің заңсыз оқуынан қорғауды қамтамасыз ететін end-to-end шифрлау принципін қолданады.

Кейбір елдер билігі хат-хабар алмасуы жоғары деңгейлі шифрлаумен қорғалған Telegram мессенджерін "террорлық ұйымдар құпия операциялар жасау үшін қолданады" дейді.

"Роскомнадзор" талабына жазған жауабында Павел Дуров егер Ресей аумағында Telegram бұғатталатын болса, оны пайдаланатын ресейлік шенеуніктердің "WhatsApp/Viber арқылы Apple iCloud/Google Drive тәрізді АҚШ бақылауындағы мәлімет сақтау жүйелеріне көшуге" мәжбүр болатынын айтып, "Ресей билігінің ондай қадамы патриоттық болмас еді" деп сынаған еді.

Бұған дейін "Роскомнадзор" Ресейде ақпарат таратуды ұйымдастырушы ретінде ресми тіркелуден бас тартқан Line және BlackBerry Messenger мобильдік ақпарат алмасу қызметтері сайттарын бұғаттаған.

AzattyqTV

Аудиоподкаст

XS
SM
MD
LG