Accessibility links

Ресей билігі Telegram мессенджерін арнайы реестрге алып, қолданушылардың хат-хабар алмасу шифрының кілтін қолға түсіргісі келеді. Мобильдік байланыс қосымшасының негізін қалаушы Павел Дуров үкіметтің талабына көнбей отыр.

Ресей федералдық қауіпсіздік қызметі (ФСБ) маусымның 26-сы күні таратқан ақпаратында "халықаралық террорлық топтардың Ресейдегі жандайшаптары Telegram мессенджерін белсенді пайдаланатыны" туралы мәлімдеген. Арнайы қызметтің хабарлауынша, бұл мессенджер "терроршылардың өзара хабар алмасуын жоғары деңгейлі шифрмен қорғауға мүмкіндік беріп отыр". ФСБ баспасөз қызметі биыл сәуірде Санкт-Петербург метросында теракт жасаған жанкешті мен оның сыбайластары шабуылды ұйымдастыру барысында Telegram мессенджерін қолданған дейді. Сәуірдің 3-і күні метродағы терактіден 16 адам қаза тауып, ондаған адам жараланған. Құрбандар арасында Қазақстан азаматы да бар.

Ресейдің ақпараттық технология және коммуникация саласына бақылау жасайтын "Роскомнадзор" мекемесі басшысы Александр Жаров маусымның 23-і күні Telegram мобильдік байланыс қосымшасының негізін қалаушы Павел Дуровқа жолдаған хабарламасында Telegram мессенджерін ресейлік ақпарат таратушылар реестріне тіркету қажеттігі туралы жазған. "Роскомнадзор" басшысы талап орындалмаған жағдайда Telegram мессенджері Ресей аумағында бұғатталатыны туралы ескерткен. Бұл жаңалықты өткен аптаның соңында Ресейдегі федералдық арналардың түгелі дерлік хабарлаған.

Содан бергі өткен уақытта мобильді байланыс құралдарын қолданушылар тарапынан Telegram қосымшасына деген сұраныс артқаны байқалып отыр деп жазады ресейлік "Ведомости" басылымы. Мысалы, осы мессенджер Iphone-ға арналған тегін қосымшалар арасында 15-орыннан 7-орынға, ал Android негізіндегі құрылғыларға арналған бағдарламалар ұсынатын Play Market дүкенінде Telegram 31-орыннан 20-орынға көтерілген.

Telegram месенджерін дүниеге әкелген ресейлік программист Павел Дуров. Сан-Франциско, АҚШ, 21 қыркүйек 2015 жыл.
Telegram месенджерін дүниеге әкелген ресейлік программист Павел Дуров. Сан-Франциско, АҚШ, 21 қыркүйек 2015 жыл.

"Роскомнадзор" талабына "ВКонтакте" әлеуметтік желісіндегі парақшасында жариялаған жауабында Павел Дуров егер ел аумағында Telegram бұғатталатын болса, оны пайдаланатын ресейлік шенеуніктердің "WhatsApp/Viber арқылы Apple iCloud/Google Drive тәрізді АҚШ бақылауындағы мәлімет сақтау жүйелеріне көшуге" мәжбүр болатынын айтып, "Ресей билігінің ондай қадамы патриоттық болмас еді" деп сынаған.

Мессенджер қызметі Ресейде ресми тіркелген жағдайда Telegram әкімшілігі қолданушылардың хат-хабарларын елде сақтап, билікке оларды оқуға мүмкіндік беретін шифр кілтін табыс етуге міндетті болмақ. Дуров мұндайға келіспейтіні туралы бұған дейін де бірнеше рет мәлімдеген.

Дуров Ресей арнайы қызметі "Санкт-Петербургтегі терактіні тұрғындарды бақылауға және өз ықпалын арттыруға пайдаланғысы келеді" деп санайды. Оның сөзінше, мессенджерлерге тыйым салу терактілер қаупін азайтуға септеспейді. Оған дәлел ретінде Дуров Париждегі теракт кезінде терроршылардың бір реткі телефондар мен шифрланбаған қарапайым SMS пайдаланғанын мысалға келтірді.

Бұғатталған әлеуметтік желі сайты. (Көрнекі сурет.)
Бұғатталған әлеуметтік желі сайты. (Көрнекі сурет.)

Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков "Роскомнадзор" Telegram қосымшасын бұғаттаған жағдайда президент әкімшілігі қызметкерлері басқа мессенджерге ауысуға әзір болатыны туралы мәлімдеген.

"Роскомнадзор" өкілі болса Дуровты "Telegram-ды пайдаланатын терроршылар мен қылмыскерлерге қатысты бейтарап ұстаным танытып, қарапайым қолданушылардың қауіпсіздігін мүлде елемей отыр" деп айыптаған. Оны жоққа шығарған Павел Дуров маусым айының басынан бері Telegram әкімшілігі желі арқылы террорды насихаттауға қатысы бар бес мыңнан аса көпшілік пайдаланатын арналар мен топтарды жапты деген статистикалық дерек келтірген. Ол шенеунікті "неліктен ресейлік азаматтардың мәліметтерін америкалық серверлерге ауыстыру кампаниясын жүргізіп жатқанын түсіндіре алмады" деп сөккен.

"Роскомнадзор" бұл талабымен Ресей конституциясының хат-хабар құпиялылығы туралы 23-бабына қайшы келуімен қатар, 2017 жылы коммуникациялық шифрлау қалай жүргізілетіндігінен бейхабар екенін көрсетеді" деп мәлімдеген Дуров.

Ол 2013 жылы негізін қалаған Telegram мессенджері ақпарат алмасуға арналған WhatsApp, iMessage, Facebook Messenger және басқа да қосымшалар тәрізді өз жұмысында хат-хабарды бөтеннің заңсыз оқуынан қорғауды қамтамасыз ететін end-to-end шифрлау принципін қолданады.

Telegram мессенджерін қолданушы ирандықтар. 1 желтоқсан 2015 жыл.
Telegram мессенджерін қолданушы ирандықтар. 1 желтоқсан 2015 жыл.

Кей деректер бойынша, Ресейде 6 миллион Telegram қолданушысы болса, әлем бойынша - 100 милионнан асады. Әлеуметтік желі билік тарапынан қатаң бақыланатын Иранда бұл мессенджерді пайдаланушылар саны 40 миллион шамасында.

Бұған дейін "Роскомнадзор" Ресейде ақпарат таратуды ұйымдастырушы ретінде ресми тіркелуден бас тартқан Line және BlackBerry Messenger мобильдік ақпарат алмасу қызметтері сайттарын бұғаттаған.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG