Accessibility links

Сотта диктофон пайдалану «терроризм қаупіне» баланады


Астаналық белсенділер жоғарғы сотқа Болатбек Білəлов сотына қатысты арыз-шағым тапсырып тұр. Астана, 18 қаңтар 2016 жыл. (Көрнекі сурет)
Астаналық белсенділер жоғарғы сотқа Болатбек Білəлов сотына қатысты арыз-шағым тапсырып тұр. Астана, 18 қаңтар 2016 жыл. (Көрнекі сурет)

«Қадыр-Қасиет» қоғамдық ұйымы мен құқық қорғаушылар қауіпсіздігі коалициясының жаңа есебінде сот отырысы кезінде адвокаттар мен процеске қатысушыларға ұялы телефон мен диктофонды пайдалануға тыйым салып, қорғаушы тараптың өтінішін қабылдамай тастау фактілері келтіреді.

Бүгін Астанада «Қадыр-Қасиет» қоғамдық бірлестігі мен құқық қорғаушылар қауіпсіздігі коалициясы азаматтардың әділ сот төрелігіне қатысты құқығын қамтамасыз ету туралы есебін таныстырды.

ЕСЕП

Есеп авторларының мәлімдеуінше, Қазақстанда сот отырыстары көбінесе 3 минуттан 40 минутқа дейін кешігіп басталады. Құқық қорғаушылар мұны азаматтардың әділ сот төрелігіне қатысты құқықтарының бірін бұзу деп санайды. Астанадағы жоғарғы сот және өзге соттар процестің кешігіп басталу себебін «қаралатын істердің көптігімен және кезек тәртібімен» немесе «судья өзге процестен босамады немесе оны сот төрағасы шұғыл шақыртты» деген уәждермен түсіндіреді. Ал сот процесінің кешігу себебін оның қатысушыларына көбінесе мүлде түсіндірмейді.

Полицейлер Ақорда алдында наразылыққа шыққан отбасыны бала-шағасымен көлікке салып әкетіп барады. Астана, 29 шілде, 2015 жыл. (Көрнекі сурет)
Полицейлер Ақорда алдында наразылыққа шыққан отбасыны бала-шағасымен көлікке салып әкетіп барады. Астана, 29 шілде, 2015 жыл. (Көрнекі сурет)

Құқық қорғаушылар қауіпсіздігі коалициясы өкілдері өздері бақылаған сот процестерінің көбінде фотоға түсіру, аудио және видео жазуға тыйым салынғанын айтады. Әрі процеске қатысушылар мен адвокаттар ғана емес, журналистерге де осындай тыйым салынады.

Бұдан бөлек құқық қорғаушылар судьялар көбінесе прокурордың ғана өтінішін қабылдайды әрі адвокаттың өтінішін қабылдамау себебін түсіндірместен елемей қояды деп шағымданады.

Құқық қорғаушылар қауіпсіздігі коалициясының бақылаушысы Елена Семенованың айтуынша, ар-намысын қорғау талап-арызы бойынша өткен сотта көбінесе мемлекеттік органдар жеңеді, ал құқық қорғаушылардың клиенттері ешқашан жеңбейді немесе талап-арызы бойынша «тиын-тебен» ғана алады. Алматылық адвокат Рәзия Нұрмашева да сотта көбінесе мемлекет мүддесі қорғалады деп санайды.

Оппозициялық саясаткер Уәлихан Қайсаровтың пікірінше, алғашқы саты соттарынан бастап судьялар тек жергілікті атқару органдары мен жұмыс берушілерді ғана жақтап, заңсыз шешім шығарады.

– Сосын ұшы-қиыры көрінбейтін соттар легі басталады. Кейін екінші инстанция соты, одан кейінгі сот, ақыры бір істі бес рет қарайды. Жұмыстың көптігіне соттардың өздері кінәлі, – дейді Уәлихан Қайсаров.

ҚАРСЫ ПІКІР

Ал судья мантиясын кигендер немесе осы салаға қатысы бар адамдардың азаматтық белсенділердің елдегі сот отырыстары практикасына қатысты шағымына қатысты пікірі өзгеше. Жоғарғы соттың отставкадағы судьясы Раиса Юрченко «құқық қорғаушылар үнемі жаман жақтарды ғана іздейді, ал соттардың 2001 жылдан бергі жетістіктерінен ештеңені байқамайды» деп санайды.

"Алауыздық тудыру" айыбымен сотталған Ермек Нарымбаевтың (ортада) халі нашардап кеткен кезде сот залына дәрігерлер шақыртылған кез. Алматы, 6 қаңтар 2016 жыл. (Көрнекі сурет)
"Алауыздық тудыру" айыбымен сотталған Ермек Нарымбаевтың (ортада) халі нашардап кеткен кезде сот залына дәрігерлер шақыртылған кез. Алматы, 6 қаңтар 2016 жыл. (Көрнекі сурет)

Оның пікірінше, құқық қорғаушылар мен қоғамдық ұйым бақылаушылары қандай істе болсын бейтарап пікір ұстануы әрі «ненің жақсы, ненің жаман» екенін айыра білгені жөн. Юрченконың пікірінше, процеске қатысушы тараптардың бәрі «судьялардың айтқанына көніп, шыдауы тиіс».

– Сот отырысына төрағалық етуші судьяға бағынбау – сотты құрметтемеу, ол үшін заңымызда қарастырылған жауапкершілікке тартылады. Егер жұрт төрағалық етуші судьяны тыңдамаса, біздегі процестер сот отырысы емес, айғай-шу жиынға айналады да, істі қарауға мүмкіндік болмайды, – дейді Раиса Юрченко.

Соңғы кезде құқық қорғаушылар мен адвокаттар сот процесіне кірер кезде ұялы телефондары мен диктофондарын алып қояды деп жиі шағымданатынын жоғарғы сот жанындағы сот қызметін қамтамасыз ету департаменті бастығының орынбасары Жазбек Әбдиев те мойындайды. Мұндай шағымдарға қатысты оның уәжі құқық қорғаушылардың пікірінен өзгеше. Оның айтуынша, сот күзеті мен жасауылдар ең әуелі «терроризмге қарсы іс-қимылдар туралы» заңды басшылыққа алады.

Технология дамыған сайын терроризм, террористік акт жасау қаупі күшейді, сондықтан бұл талап терроризмге қарсы іс-қимыл заңында бар.

– Бұрын флешка да, ұялы телефон да, ешқандай гаджет болған жоқ қой. Бірақ қазір технология дамыған сайын терроризм, террористік акт жасау қаупі күшейді, сондықтан бұл талап терроризмге қарсы іс-қимыл заңында бар. Сот ғимаратына кіру тәртібі, ғимаратты аралау сияқты мәселелерді реттейтін қосымша нормативті актілердің бәрі осы заңға сәйкестендіріледі. Меніңше, адвокаттар мен құқық қорғаушылар бұған үлкен түсіністікпен қарауы тиіс, азаматтарымыздың қауіпсіздігі бәрінен де маңызды емес пе, – дейді Жазбек Әбдиев.

Оның айтуынша, Қазақстандағы сот залдарының көбі процесс барысын түсіретін аудио және видео құралдармен мен жабдықталған, ал бұл «процеске қатысушыларды, оның ішінде судьяларды да тәртіпке салады». Оның айтуынша, кез-келген адвокат пен құқық қорғаушы жазбаны дискіге жазып беруді талап етуге құқылы әрі өз шағымын соның көмегімен байыппен негіздей алады әрі «судьяның сөздерін телефонға түсіріп немесе жазудың қажеті жоқ».

Халықаралық құқық қорғау ұйымдары Қазақстандағы адам құқығына қатысты ахуал жайлы былтырғы есебінде билікті тергеу органдары мен соттарда әділ сот төрелігін қамтамасыз етуге шақырған. Қазақстан азаматтары БҰҰ-ның адам құқығы комитетіне шағымдану мүмкіндігін 2009 жылы алған. БҰҰ-ның адам құқығы комитеті мемлекетпен дауласқан Қазақстан азаматтарының пайдасына қазірге дейін бірнеше шешім шығарған.

  • 16x9 Image

    Светлана ГЛУШКОВА

    Светлана Азаттықтың Астана бөліміндегі тілші болып 2010 жылдан бастап істей бастады. Жоғары білімді ҚарҰУ-де алған. Жеті жыл қалалық жәнереспубликалық арналарда тілші және редактор ретінде тәжірибе жинаған.

XS
SM
MD
LG