Accessibility links

Беларусьте "тәртіпсіздік ұйымдастырмақ болған" белсенділер босатылды


Минскіде үкіметке қарсы акцияға қатысқан белсенділерді ұстап, сотқа алып бара жатыр. Беларусь, 27 наурыз 2017 жыл (Көрнекі сурет).
Минскіде үкіметке қарсы акцияға қатысқан белсенділерді ұстап, сотқа алып бара жатыр. Беларусь, 27 наурыз 2017 жыл (Көрнекі сурет).

Минскіде Беларусь билігі жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырмақ болды деп айыпталған төрт белсенді қамаудан босатылды. 27 маусымда осындай айып тағылған тағы үш адам босатылған.

Азаттықтың Беларусь редакциясы белсенділер Владимир Румянцо, Тимур Пашкевич, Алес Яудаха және Виктор Данила 28 маусымда босатылғанын хабарлады.

Өзге үш белсенді - Сергей Стрибульский, Александр Зимницкий және Владимир Федоров жүріп-тұруларына шектеу қоюға келіскен соң босатылған.

Беларусь Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті наурыз айында "Ақ легион" және "Жастар майданы" топтарының 26 мүшесін "елде жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырмақ болды" деген күдікпен ұстаған.

Тұтқындаулар президент Александр Лукашенко кейбір топтар "Беларусьте тұрақсыздық орнатып, төңкеріс жасауды көздейді" деп мәлімдеген соң жүзеге асырылған.

Кейін кейбір ұсталғандарға қатысты айыптар алынған.

XS
SM
MD
LG