Accessibility links

АҚШ шетелдік рейстерде қауіпсіздік шараларын күшейтті


АҚШ-қа ұшатын жолаушы Бейрут әуежайында ноутбугін қарап отыр. 22 наурыз 2017 жыл (Көрнекі сурет).
АҚШ-қа ұшатын жолаушы Бейрут әуежайында ноутбугін қарап отыр. 22 наурыз 2017 жыл (Көрнекі сурет).

АҚШ ішкі қауіпсіздік министрлігі елге ұшып келетін барлық коммерциялық рейстерде қосымша қауіпсіздік шаралары енгізілетінін, соның ішінде жолаушылар да тексерілетінін жариялады.

Министрлік қауіпсіздік мақсатында жаңа ереже туралы егжей-тегжейлі жарияламады, ол туралы көпшілікті хабардар ету жауапкершілігі әуежайлар мен әуе компанияларына жүктелді. Бірақ жалпы алғанда жаңа ереженің жеке компьютерлер, ноутбуктер мен ұялы телефондарды мұқият тексеруге, әуежайлардағы жолаушылар зоналарында және жазғы алаңдардағы ұшақ тұрақтарында қауіпсіздік шараларын күшейтуді қамтитыны айқын.

Жаңа ереженің 105 мемлекеттегі 280 әуежайға қатысы бар. Бұл әуежайлардан күн сайын 2100 ұшақ АҚШ-қа 325 мың жолаушыны тасымалдайды.

Жаңа ережеге бағынбаған әуежайлар мен әуе компанияларына айыппұл салынып, АҚШ-қа рейстері тоқтатылуы мүмкін.

Наурыз айынан бері мұсылмандар басым тұратын елдердің ондаған әуежайынан АҚШ-қа ұшатын жолаушыларға ұшақта көлемі ұялы телефоннан үлкен электронды құрылғыларды тасымалдауға тыйым салынған.

XS
SM
MD
LG