Жезқазғанда ресейлік зымыран тасығыш қалдығы құлаған кезде тұтанған өрттен жараланған Вячеслав Тыц қайтыс болды.
49 жастағы Вячеслав Тыцтың Қарағандыдағы Мақажанов атындағы реанимация орталығында қайтыс болғанын хабарлаған Tengrinews сайтының жазуынша, оның жарасы тым ауыр болған. Дәрігерлер оған ауырсынуды басатын дәрі беріп келген екен.
Ресей ғарыш агенттігі (Роскосмос) мекемесі "Союз 2-1а" зымыран тасығышының бөлшегі биылғы 14 маусымда Қарағанды облысындағы жоспарлы аумаққа түскенін мәлімдеген. Алайда зымыран сынығы құлаған Жезқазған түбіндегі Талап ауылына жақын далада өрт болып, соның салдарынан күйік шалған бір ер адам қаза тауып, тағы бір адам жараланған. Қазақстан төтенше жағдай комитеті олардың екеуі де зымыран сынығын жинау жұмыстарына қатысқанын айтқан.
Роскосмос ақпаратына қарағанда, қайғылы оқиғадан "НПО машиностроение" компаниясына тиесілі КАМАЗ көлігінің жүргізушісі қаза тапқан. Компания зымыран бөлшегі құлайтын ауданға қызмет көрсетеді. Роскосмос қатты желден көлікті өрт шарпығанын хабарлаған.
Бұдан алдын Қазақстан қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бейбіт Атамқұлов қаза тапқан Қазақстан азаматы үшін туыстарына көмекті ресейлік компания төлейді деген.