Accessibility links

Италияда Донбастағы екі адамның қазасына күдікті ұсталды


Андрей Миронов (сол жақта) пен Андреа Рокелли.
Андрей Миронов (сол жақта) пен Андреа Рокелли.

Италияда Украина азаматы Виталий Марков ұсталған деп хабарлады La Repubblika басылымы. Марковты 2014 жылғы мамырдың 24-і күні Украинаның Донецк облысындағы Славянск қаласының маңында италиялық фототілші Андреа Рокелли мен ресейлік құқыққорғаушы Андрей Мироновтың қазасына және француз фотожурналисі Уильям Рогульонның жаралануына қатысы болуы мүмкін деген күдікпен ұстаған.

Украина бас прокурорының орынбасары Евгений Енин Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасына Марковтың Италияда ұсталғаны жөнінде прокуратураның хабар алғанын жазды.

Украина ішкі істер министрлігінің кеңесшісі, депутат Антон Геращенконың хабарлауынша, Виталий Марков Италияға сонда тұратын анасына барған. «Бұл оқиға бастан-аяқ кезекті ресейлік арандатуға ұқсайды» деген пікір білдірген Геращенко.

2014 жылы мамыр айында Донбаста италиялық журналистер мен ресейлік құқыққорғаушы отырған көлікті минометтен атқылаған. Екі адам қаза тауып, біреуі жараланған.

Украина күштері бұл оқиғаға ресейшіл сепаратистерді айыптайды, ал олар болса өздерінің қатысы жоғын мәлімдеп, оны Украина билігі жағында соғысып жүрген еріктілерден көреді.

XS
SM
MD
LG