Accessibility links

Шығыс Украинада оқ атпау келісімі тағы бұзылды


Сепаратистер бақылауындағы Чистяково (бұрынғы Торез) елдімекеніндегі көшеде ілінген Ресей туы. Донецк облысы, Украина. 1 шілде 2017 жыл.
Сепаратистер бақылауындағы Чистяково (бұрынғы Торез) елдімекеніндегі көшеде ілінген Ресей туы. Донецк облысы, Украина. 1 шілде 2017 жыл.

Украина әскерилері мен ресейшіл сепаратистер бір-бірін оқ атпау туралы келісімді бұзды деп айыптады. Киев сепаратистер 25 рет атқылады десе, олар өз позицияларын үкімет күштері 35 рет атқылады деп мәлімдейді. Өткен тәулікте украиналық екі әскери қаза тауып, тағы екеуі жараланған. Осының алдында Донецк облысындағы Марьинка елдімекенін ауыр артиллериядан атқылаған.

Украинаның шығыс аймағына бақылау орнатқан сепаратистер өкілінің айтуынша, Александровка кентінде жеті үй, Докучаевск, Саханка және Горловка елдімекендерінің әрқайсында бір-бір үйден бүлінген. "Ленинское селосында электр қуаты жоқ, оны қалпына келтіру жұмыстары жасалып жатыр", - дейді ол.

Киевтің әскери операциялар штабының Facebook әлеуметтік желісінде хабарлауынша, өткен тәулікте Донецк бағытында сепаратистер үкімет әскерилері позицияларын атқылаған.

Осыдан бір апта бұрын қарсылас тараптар астық ору науқаны кезінде – тамыздың соңына дейін атысты тоқтату туралы "нан бітімін" жасасқан еді. Содан бері екі тарап бірінші рет қайтадан бір-бірін атқылады. Бейбіт тұрғындар арасында қаза тапқандар туралы мәлімет жоқ. Көптеген снарядтар жарылмай қалған. Қазір сарапшылар оқ қай жақтан атылғанын анықтап жатыр.

XS
SM
MD
LG