Accessibility links

Араб елдері Катарға қойған талабына жауап беру уақытын ұзартты


Катар астанасы Доха.
Катар астанасы Доха.

Сауд Арабиясы, Біріккен Араб Әмірліктері, Египет және Бахрейн Катарға өздері қойған талаптарына жауап беру уақытын 48 сағатқа ұзартты деп хабарлайды Сауд Арабиясының мемлекеттік "Әл-Арабия" телеарнасы.

Жауап беру уақытын ұзарту туралы келісім Катар мен араб елдері арасынағы дауды реттеуде араағайын болып жүрген Кувейт әмірінің сұрауынан кейін жасалған.

Бұған дейін араб елдері Катарды терроризмді қолдайды және Иранмен тым жақын қарым-қатынас орнатты деп айыптап, онымен барлық қарым-қатынасын тоқтатқан. Катар тағылған айыптарды терістеген.

Араб елдері екі апта бұрын Катарға "Әл-Жазира" телеарнасын жабу, Иранмен дипломатиялық қарым-қатынасты үзу, Түркия әскери базасын жауып, Анкарамен әскери ынтымақтастықты тоқтату сияқты 13 талап қойып, Дохаға 3 шілдеге дейін жауап беруге мұрсат берген.

Катар сыртқы істер министрі шейх Мохаммед бин Абдулрахман әл-Тани "ультиматум ретіндегі талаптар Катардың егемендігіне қол сұғады" деп мәлімдеген.

Бахрейн Катарды елге түрік әскерін орналастырып, әскери шиеленіс тудырды деп айыптайды. Бахрейн сыртқы істер министрі Катар мен араб елдері арасындағы дипломатиялық дауды дипломатиялық жанжал деп, ал шетел әскерін орналастыруды шиеленіс факторы деп атады.

Түркия көршілерімен дипломатиялық дауға іліккен Катарды қолдап шықты. Дағдарыс басталғалы бері түркиялық әуе базасына екі рет қосымша күш пен әскери техника жеткізілген.

XS
SM
MD
LG