Астанада сейсенбіде Сирия бейбіт келіссөзінің кезекті бесінші кезеңі басталады. Қазақстан сыртқы істер министрлігі баспасөз қызметінің жетекшісі Әнуар Жайнақовтың хабарлауынша, келіссөзге қатысатын барлық тараптардың делегациялары Астанаға келіп қойған.
"Астана келіссөзәіне қатысатын барлық делегация, оның ішінде Сирия қарулы оппозициясының тоғыз адамнан тұратын өкілдері мен БҰҰ-ның Сирия бойынша арнайы өкілі Стаффан де Мистура да Астанаға келді. Бүгін делегациялар арасында екі жақты келіссөздер өтеді, ертең пленарлық отырыс өткізу жоспарланған" деді Жайнақов.
Бесінші кездесу бастапқыда 12–13 маусымға белгіленген. Бірақ кейінге шегерілді. Осыған дейінгі кездесуде гарант елдер - Ресей, Түркия және Иран Сирияда төрт қауіпсіздік аймағын құру жөнінде меморандум жасаған. Бірақ оппозиция Ресейдің бұл жоспарынан бас тартқан.
Сириядағы жанжалда Иран мен Ресей Сирия президенті Башар Асадты қолдайды. Ал Түркия кейбір қарулы көтерілісшілерді жақтайды.