Accessibility links

БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі Қатарға қатысты дауға араласпайды


БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің жиыны (Көрнекі сурет)
БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің жиыны (Көрнекі сурет)

БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі Катар Парсы шығанағындағы араб елдерімен арадағы дауына араласпайды деп мәлімдеді 3 шілдеде Қытайдың БҰҰ-дағы тұрақты елшісі Лю Цзей.

Катар сыртқы істер министрі шейх Мохаммад бин Абдулрахман әл-Тани өткен аптада Катардың Сауд Арабиясы, Біріккен Араб Әмірліктері (БАӘ), Бахрейн және Египетпен арадағы қарым-қатынасының үзілгенін талқылау үшін БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің мүше елдер өкілдерімен кездескен.

Қауіпсіздік кеңесіне шілде айында төрағалық жасайтын Қытай елшісі Лю Цзей "Ең дұрысы аталған елдердің дауды өз араларында диалог орнатып, кеңесу арқылы шешкені дұрыс деп санаймыз, себебі бұдан басқа жолын көріп тұрған жоқпыз" деді.

"Қытай аталған елдер жанжалды реттеп, тату көршілік қарым-қатынасты қалпына келтіретін қандай шешім қабылдаса да құптайды" деді Лю Цзей.

Сауд Арабиясы, БАӘ, Бахрейн мен Египет 5 маусымда Катарды "терроризмді қолдайды және Иранмен тым жақын қарым-қатынас орнатты" деп айыптап, онымен барлық қарым-қатынасын тоқтатқан. Катар тағылған айыптарды терістеген.

Ал екі апта бұрын араб елдері Катарға "Әл-Жазира" телеарнасын жабу, Иранмен дипломатиялық қарым-қатынасты үзу, Түркия әскери базасын жауып, Анкарамен әскери ынтымақтастықты тоқтату сияқты 13 талап қойып, Дохаға 3 шілдеге дейін жауап беруге мұрсат берген еді. Кеше араб елдері мұрсат мерзімін 48 сағатқа ұзартқан.

Катар сыртқы істер министрі шейх Мохаммед бин Абдулрахман әл-Тани "ультиматум ретіндегі талаптар Катардың егемендігіне қол сұғады" деп мәлімдеген.

XS
SM
MD
LG