Accessibility links

MH17 апатына күдіктілер ісі Нидерланд сотында қаралмақ


Халықаралық тергеу тобының өкілдері Украина шығысында 2014 жылы шілдеде құлаған малайзиялық ұшақ апатын тергеу қорытындысын таныстырып тұр. Нидерланды, 28 қыркүйек 2016 жыл.
Халықаралық тергеу тобының өкілдері Украина шығысында 2014 жылы шілдеде құлаған малайзиялық ұшақ апатын тергеу қорытындысын таныстырып тұр. Нидерланды, 28 қыркүйек 2016 жыл.

Нидерланд сыртқы істер министрлігі Украинаның Донецк облысында Малайзия ұшағының апатқа ұшырауына күдіктілердің ісі Нидерланд сотында қаралатынын мәлімдеді.

Министрлік Malaysia Airlines компаниясының Куала-Лумпурға ұшып бара жатқан ұшағының апатқа ұшырауына кімдер күдікті екенін айтпады.

Бірақ ұшақ апатын тергеген халықаралық тергеу тобы 2016 жылы MH17 рейсі Украина шысығындағы сепаратистер бақылайтын территориядан ресейлік "Бук" зенит зымыран кешенінен атылған зымыран тиіп апатқа ұшырады деп қорытынды жасаған. Халықаралық тергеу тобының есебінде ұшақты атып құлатқан "Бук" қондырғысы Ресейден Украинаға әкелініп, кейін ол аймақтан кері алып кеткені айтылады.

"Біз жалған ақпарат тарату мен халықаралық тергеу тобы жүргізген тергеуді жоққа шығару әрекеттеріне әлі де тап болып отырмыз. Соған қарамастан, үлкен нәтижелерге қол жеткіздік" деп мәлімдеді Нидерланд СІМ 5 шілдеде. Министрлік бұл жерде үлкен нәтиже деп халықаралық тергеу тобы мен Нидерланд көліктегі қауіпсіздік кеңесінің 2015 жылы қазанда жариялаған есептерін айтады.

"Ең маңыздысы, жүргізіліп жатқан қылмыстық тергеуге халықаралық қауымдастық бірауыздан қолдау көрсетіп отыр" делінген Нидерланд СІМ мәлімдемесінде.

2014 жылы 17 шілдеде MH17 рейсімен Амстердамнан Куала-Лумпурға ұшып бара жатқан Boeing 777 ұшағындағы 298 адамның барлығы мерт болған. Құрбандардың көпшілігі – Нидерланд азаматтары еді.

XS
SM
MD
LG