Accessibility links

Астанадағы Сирия келіссөзінде деэскалация аумағы жайы талқыланған


Қазақстан сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов. Астана, 4 шілде 2017 жыл.
Қазақстан сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов. Астана, 4 шілде 2017 жыл.

Қазақстан сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов Сирия қақтығысына байланысты Астанада өтіп жатқан келіссөздің бесінші кезеңіне байланысты ортақ мәлімдеме жасады. Министрдің айтуынша, жұмыс тобына Сирияда деэскалация аймағын құру бойынша техникалық мәселелерді жетілдіру тапсырылған.

Астанада өтіп жатқан келіссөзге БҰҰ-ның Сирия бойынша арнайы өкілі Стаффан де Мистура, Ресей билігінің жоғары шенді өкілдері, Түркия, Иран сыртқы істер министрлерінің орынбасарлары, Сирия үкіметінің делегациясы, Сирия қарулы оппозициясы делегациясының тоғыз өкілі келген.

Қайрат Әбдірахмановтың айтуына қарағанда, Ресейдің Сириядағы қақтығысты тоқтату режимін бақылау орталығының мәліметінше, бұл режимге 65-ке жуық оппозициялық қарулы топтар қосылған.

Астанада 4-5 шілдеде өткен бұл жолғы кездесу бастапқыда 12-13 маусымға белгіленіп, бірақ кейінге шегерілген. Осыған дейінгі кездесуде гарант елдер - Ресей, Түркия және Иран Сирияда төрт қауіпсіздік аймағын құру жөнінде меморандум жасаған. Бірақ оппозиция Ресейдің бұл жоспарынан бас тартқан.

Қазақстан сыртқы істер министрі дерегінше, Сирияға қатысты бұл процестің келесі кездесуі 1-2 тамыз күндері Иранда, одан кейін тамыздың соңғы аптасында Астанада өтпек.

Сириядағы жанжалда Иран мен Ресей Сирия президенті Башар Асадты қолдайды. Ал Түркия кейбір қарулы көтерілісшілерді жақтайды.

XS
SM
MD
LG