АҚШ мемлекеттік хатшысы Рекс Тиллерсонның Гамбургте өтетін G 20 саммиті қарсаңында жариялаған мәлімдемесінде «АҚШ-тың Сириядағы тұрақтылықты қамтамасыз ету тетіктерін, соның ішінде ұшуға болмайтын аймақтар, гуманитарлық көмек жеткізуді, бақылаушыларды орналастыруды үйлестіру мәселелері бойынша механизмдерді Ресеймен бірігіп жасауға әзір» екені айтылған.
Рекс Тиллерсонның пікірінше, егер мұндай шұғыл ынтымақтастық орнату мүмкін болған жағдайда «Сирияның болашақтағы мемлекеттік құрылымын анықтауға алғышарттар жасалады. Оның үстіне, саяси тұрақтылық орнатпай "Ислам мемлекеті" (ИМ) содырларын жеңу мақсаты орындалмақ емес».
Мемлекеттік хатшының сөзінше, "Ресей ИМ содырларынан босаған жерлерде қақтығысушы тараптардың бірінің заңсыз билігін орнатып алмауына, Асад режимінің химиялық қаруды қайта пайдаланбауына жауапты".
Мемлекеттік хатшының айтуынша, "АҚШ пен Ресейдің Сириядағы әскерлерінің қақтығысып қалмауын қамтамасыз етуінің өзі жетістік". «Болып қалған ұсақ қақтығыстар тез әрі бейбіт түрде реттелді, мұның өзі біздің Сирияда ынтымақтаса алатынымызды көрсетті», - дейді Тиллерсон.