Accessibility links

АҚШ Солтүстік Кореяға санкцияны күшейтетін БҰҰ қарарын әзірлеп жатыр


АҚШ-тың БҰҰ-дағы тұрақты өкілі Никки Хейли.
АҚШ-тың БҰҰ-дағы тұрақты өкілі Никки Хейли.

АҚШ БҰҰ-ның Қауіпсіздік кеңесіне Солтүстік Кореяға қосымша санкциялар салу туралы жаңа қарар әзірлеп ұсынбақ. Солтүстік Корея құрлықаралық баллистикалық зымыранын сынаған болатын.

АҚШ-тың БҰҰ-дағы тұрақты өкілі Никки Хейли 5 шілде күні өткен Қауіпсіздік кеңесінің шұғыл жиынында «Солтүстік Кореяның зымыран атуы анық әрі ашық арандату әрекеті» деп мәлімдеді.

Хейли "АҚШ-тың Солтүстік Кореяға халықаралық қысымды күшейтетін қарар әзірлеп, оны Қауіпсіздік кеңесіне ұсынатынын" айтқан.

Хейлидің сөзіне қарағанда, Солтүстік Кореяның әрекеттері «мәселені дипломатиялық жолмен шешуге мүмкіндік қалдырмаған» және АҚШ «өзін және одақтастарын қорғау үшін барлық мүмкіндіктерді пайдалануға әзір».

Мұның алдында АҚШ президенті Дональд Трамп 2017 жылдың бірінші тоқсанында Қытай мен Солтүстік Корея арасындағы сауданың 40 пайызға ұлғайғанына наразы екенін мәлімдеген еді. Ол бұл ойын Twitter арқылы жариялаған.

Никки Хейли Вашингтонның Солтүстік Кореямен сауда жасасқан елдермен қарым-қатынасын үзуге даяр екенін айтты. «Солтүстік Кореяға ғана шұқшиып қалғанымыз жоқ. Біз заңсыз әрекеттермен айналысатын кез келген елді назарға аламыз» дейді Хейли. Қауіпсіздік кеңесіндегі Франция мен Ұлыбритания және олардан басқа және екі тұрақты мүшелер Солтүстік Кореяға қарсы қарарды қолдайтындарын білдірді.

БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің шұғыл жиналысы АҚШ, Жапония және Оңтүстік Кореяның шақыруымен, Солтүстік Корея 3 шілде күні құрлықаралық баллистикалық зымыран сынағаннан кейін өтті. Пхеньян ол зымыранның "үлкен әрі ауыр" бомбаларды жетізе алатынын мәлімдеген болатын.

5 шілде күні Ресейдің сыртқы істер министрі Сергей Лавров "Ресей мен Қытайдың Корея түбегіндегі дағдарысты күшпен әрі Солтүстік Кореядағы билікті құлата отырып шешуге қарсы" екенін айтты. Оның сөзіне қарағанда, БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің қарарын сылтау етіп мәселені күш қолдана отырып шешуге тырысу аймақтағы қауіпсіздікке қатер төндіреді.

XS
SM
MD
LG