Accessibility links

"Үлкен жиырмалық" лидерлері климат пен сауда жайлы келісімге келді


Германия канцлері Ангела Меркель G20 самммиті қорытындысына арналған баспасөз мәслихатында сөйлеп тұр. Гамбург, 8 шілде 2017 жыл.
Германия канцлері Ангела Меркель G20 самммиті қорытындысына арналған баспасөз мәслихатында сөйлеп тұр. Гамбург, 8 шілде 2017 жыл.

Гамбургтегі саммитте "Үлкен жиырмалық" лидерлері ғаламдық климат және сауда мәселелеріне қатысты мәмілеге келді.

Саммит қорытындысына арналған баспасөз мәслихатында Германия канцлері Ангела Меркель форумға қатысушылардың нарық ашықтығы және протекционизммен күрес жөнінде уағдаласқаны туралы мәлімдеді. Сонымен бірге саммитке қатысушылар ғаламдық климат жөніндегі Париж келісімін, АҚШ-тың одан шығатындығына қарамастан, тезірек күшіне енуіне қолдау білдірді.

Бұл шешімдер қорытынды коммюникеге енгізілді деп хабарлайды ақпарат агенттіктері.

Сенбі күні форумға қатысушылар екіжақты кездесулер өткізді. АҚШ президенті Дональд Трамп Қытай президенті Си Цзяньпинмен кездесуде Пекинді Солтүстік Кореяға ядролық және зымыран бағдарламасын тоқтатуға көндіру үшін "бейбіт қысым" жасауға тағы шақырды.

Бұған дейін Дональд Трамп гуманитарлық бағдарламаларға 639 миллион доллар бөлуге уәде еткен, ол қаржының жартысынан астамы аштық азабын тартып отырған Сомали, Оңтүстік Судан, Нигерия және Йемен тұрғындарына азық-түлік көмегін көрсетуге жұмсалмақ. Бұл туралы саммит кезінде Reuters агенттігіне БҰҰ-ның дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасының атқарушы директоры Дэвид Бисли мәлімдеген. Оның сөзінше, әлем екінші дүниежүзілік соғыс кезінен бергі кезеңдегі ең қатты гуманитарлық дағдарысты басынан өткеріп жатыр, АҚШ уәде етіп отырған жәрдем агенттіктің барлық мұқтажының үштен бірін өтеуге жетеді.

"Үлкен жиырмалыққа" өнеркәсібі дамыған және дамушы 19 мемлекет пен Еуропа Одағы кіреді.

XS
SM
MD
LG