Accessibility links

ҚАЖД Азаттық тілшісін түрмедегі белсенділермен кездестіруден бас тартты


Белсенділер Талғат Аян (сол жақта) мен Макс Боқаев өздеріне қатысты сот процесі кезінде. Атырау, 28 қазан 2017 жыл.
Белсенділер Талғат Аян (сол жақта) мен Макс Боқаев өздеріне қатысты сот процесі кезінде. Атырау, 28 қазан 2017 жыл.

Ішкі істер министрлігінің қылмыстық атқару жүйесі комитеті Солтүстік Қазақстан облысы бойынша қылмыстық атқару жүйесі департаменті (ҚАЖД) Азаттыққа Петропавлда түрмеде отырған белсенділер Талғат Аян мен Макс Боқаев және құқық қорғаушы Вадим Курамшинмен кездестіру туралы өтінішінен бас тартты.

Шілденің басында Азаттық Петропавлдағы тілшісін ЕС-164/3 мекемесінде жазасын өтеп жатқан Талғат Аян мен Макс Боқаевты және ЕС-164/4 мекемесінде отырған Вадим Курамшинмен кездестіруді сұрап, хат жолдаған. Азаттық кездесуде белсенділердің түрмедегі хал-ахуалы, түзеу мекемесіндегі тәртіптің көңілінен қаншалықты шығатыны туралы біліп, видео-материал әзірмелек болған.

ҚАЖД Азаттыққа жауабында аталған тұтқындардың түзету мекемелерінде "Қазақстан заңдарында көрсетілген барлық құқықтармен қамтамасыз етілгенін" айтады. "Нақты айтсақ, мекеме әкімшілігіне, жоғары органдарға, сот, прокуратура органдарына, тағы басқа қызметтерге өтініштер мен шағымдар, жазбаша және ауызша ұсыныстар білдіре алады. Сол құқықтардың бірін сотталған М.Боқаев пен Т.Аян қолданып, өздерін басқа өңірлерге ауыстыру туралы өтініштер түсірген" делінген ресми хатта.

Департамент заң бойынша сотталғандармен туған-туыстары және жақындары, қоғамдық қадағалау комиссиясының өкілдері және ұлттық превентивтік механизм мүшелері тұрақты түрде кездесіп, сәлемхаттар мен дәрі-дәрмектері жеткізіліп тұратынын айтып, журналистердің белсенділермен кездесуін "мақсатсыз" деп атаған.

Макс Боқаев пен Талғат Аян 2015 жылғы сәуірде Атырауда жер реформасына қарсы жаппай шерулерден кейін тұтқындалған. Билік қос белсендіге қылмыстық кодекстің "заңсыз митингі ұйымдастыру", "алауыздық қоздыру" және "көпе көрінеу жалған ақпарат тарату" баптары бойынша айып тағып, әрқайсысын бес жылға бас бостандығынан айырған. Өздеріне тағылған айыптарды жоққа шығарған Боқаев пен Аян сот үкімінің саяси астары бар деп мәлімдеген. Қаңтар айында Атырау облыстық сотының апелляциялық инстанциясы үкімді күшінде қалдырған.

Тұтқындардың құқығын қорғаумен танылған азаматтық белсенді Вадим Курамшин бопсалау айыбымен 2012 жылы 12 жылға сотталған. Ол бұл айыптарды терістейді. Қазақстанның бірнеше құқық қорғау ұйымдары оны саяси тұтқын деп таныған. Билік Вадим Курамшинді қудалаудың саяси астары бар деген айыпты жоққа шығарады.

XS
SM
MD
LG