Accessibility links

Ұлыбритания мен ЕО Қытайды науқас диссидентті шетелге жіберуге шақырды


Лю Сяобо, қытайлық құқық қорғаушы, Нобель сыйлығының лауреаты.
Лю Сяобо, қытайлық құқық қорғаушы, Нобель сыйлығының лауреаты.

Ұлыбритания мен Еуропа Одағы (ЕО) Қытай билігін бұрынғы саяси тұтқын, Нобель сыйлығының лауреаты Лю Сяобоның елден шығуына салынған тыйымды жоюға шақырды. Пекиндегі британ елшілігінің өкілдері мен ЕО делегациясы "Біз Лю Сяобоның өзі қалаған кез-келген елде емделу құқығына ие болуын және өзі мен әйелінің еркін жүріп-тұруына салынған барлық тыйымды алып тастауды талап ете береміз" деп мәлімдеді.

11 жылға түрмеге жабылған Лю Сяобоның мамырда бауыр қатерлі ісігіне шалдыққаны хабарланған. Лю Сяобо Қытайдың солтүстігіндегі Шэньян қаласында ауруханада жатыр. Қытай билігі оның "тыңғылықты, жан-жақты емделіп жатқанын" айтады.

Бірер күн бұрын Пекин екі америкалық және неміс дәрігердің диссидентті қарап, көріп шығуына рұқсат берген. Науқаспен жолыққан дәрігерлер оны емдеу үшін ұшақпен шетелге әкетуге болады деген тұжырым жасаған. Бірақ Қытай билігі Лю Сяобоның денсаулығы ұшуға шыдас бермейді дейді.

2009 жылдан бері 11 жылдық түрме жазасын өтеп жатқан Лю Сяобоны биылғы маусымның соңында Қытай билігі түрмеден босатқан. Қытайдағы авторитарлық режимді сынап, конституциялық реформа жүргізуге шақырған Хартия-08 құжатына қол қойғаннан кейін Лю Сяобоны билік "мемлекетке қарсы іс-әрекеті" үшін соттаған.

2010 жылы Лю Сяобо "Қытайда негізгі адам құқықтарын қорғаудағы ұзақ бейбіт күресі" үшін бейбітшілік саласындағы Нобель сыйлығымен марапатталған. Қытайы билігі оған Нобель сыйлығын тапсыру рәсіміне қатысуға, тіпті туыстары арқылы да сыйлықты алуға рұқсат етпеген.

XS
SM
MD
LG