Accessibility links

Венгрияда Джордж Соросқа қарсы үндейтін плакаттар пайда болды


Джордж Сорос, америкалық миллиардер, филантроп.
Джордж Сорос, америкалық миллиардер, филантроп.

Венгрия үкіметінің америкалық миллиардер, филантроп Джордж Соросқа қарсы кампаниясы Батыс елдерінде қатты сынға ұшырады. Венгрияның Будапешт пен басқа да қалаларында Соростың күліп тұрған суреті мен "Джордж Соростың соңғы рет күлуіне мүмкіндік бермеңіз" деген жазуы бар плакаттар пайда болды.

Израильдің Венгриядағы елшісі мен еврей қауымының жетекшілері үкіметті "антисемитизмді тұтататын" кампанияны тоқтатуға шақырды. Джордж Сорос Венгрияда еврей отбасында туған.

Будапеште сапарлап жүрген Германияның жоғары шенді дипломаты мұндай плакаттарға қатысты баға беруге "айтар сөзі жоғын" мәлімдеді. Венгрия үкіметі әзірге бұл комментарийге қатысты жауап бермеді.

Венгрия премьер-министрі Виктор Орбан бұған дейін Джордж Соросты "өз іс-әрекеті және көзқарастарымен Еуропаға мигранттардың ағылып келуіне жағдай жасады" деп айыптаған. Сорос болса Орбанды "мафиялық мемлекет құрды" деп кінәлаған.

Маусымда Венгрия парламенті Венгрияда жұмыс істейтін шетел жоғары оқу орындарында кампус пен өз елдеріндегідей оқу бағдарламалары болуын міндеттейтін заң қабылдаған. Заң Джордж Сорос 1991 жылы ашқан Орталық Еуропа университетін 2018 жылдан бастап студент қабылдауын тоқтатып, 2021 жылға қарай жабылуға мәжбүрлейді.

Қазір Орталық Еуропа университетінде 100-ден астам мемлекеттен 1400-ден астам студент оқиды.

XS
SM
MD
LG