Accessibility links

АҚШ конгресі Ресейге қарсы жаңа санкция салуды қайта қарамақ


АҚШ конгресі отырған Капитолий ғимараты (Көрнекі сурет).
АҚШ конгресі отырған Капитолий ғимараты (Көрнекі сурет).

АҚШ Демократиялық партиясының мүшелері конгрестің өкілдер палатасына Ресей мен Иранға қарсы санкцияларды қатаңдату туралы заң жобасын ұсынды. Заң жобасының сенат 15 маусымда мақұлдаған, бірақ процессуалдық мәселеге байланысты өкілдер палатасының дауыс беруіне шығарылмаған құжаттан еш айырмасы жоқ деп хабарлады Reuters.

Заң жобасы Ресейдің адам құқығын бұзуға, АҚШ-тағы 2016 жылғы президент сайлауына килігуге, Мәскеудің Сирия мен Украинадағы саясатына қатысы барларға салынатын шектеу шараларын күшейтуді ұсынады. Жаңа санкциялар Ресейдің тау-кен өнеркәсібі, металлургия, теміржол және теңіз тасымалы салаларына да тиюі мүмкін. Санкциялар пакетіне Ресейдегі адам құқығын бұзушыларды жазалауға мүмкіндік беретін ережелер қосылған. Конгресс заң жобасына таяуда дауыс беруі ықтимал.

Бұған дейін Ақ үйдің заңнама мәселелері бойынша өкілі Марк Шорт АҚШ әкімшілігі Ресейге қарсы жаңа санкция салуды жалпы қолдайтынын, бірақ ұсынылған бұл құжатты құптамайтынын хабарлаған. Заң жобасында санкцияны күшейту немесе жою туралы шешім қабылдау құқығын конгреске ғана беру қарастырылған. Президент санкцияны жұмсартып, немесе жойғысы келсе конгрестің мақұлдауын алуы керек болады.

АҚШ-тың мұнай және энергетика саласындағы бірқатар компаниялары Ресейге қарсы санкцияларды қатаңдатуды қоштамайды. Олардың пікірінше, бұл шаралар америкалық компаниялардың әлемдегі ықпалын әлсіретіп, бәсекелестерін күшейте түседі.

XS
SM
MD
LG