Accessibility links

Ақтөбедегі трансплантация дауының соты бітіммен аяқталды


Есенжан Тынымұлы, марқұм Серікболсын Көшербайдың туысы. Ақтөбе, 13 шілде 2017 жыл.
Есенжан Тынымұлы, марқұм Серікболсын Көшербайдың туысы. Ақтөбе, 13 шілде 2017 жыл.

Ақтөбеде жазатайым қаза тапқан азаматтың бүйректерін басқа науқастарға ауыстырып салуға қатысты сот тоқтатылды.

Азаттық тілшісінің соттан хабарлауынша, бүгін түстен кейін басталған сотта бүйрегі басқа адамға салынған марқұм Серікболсын Көшербайдың қарындасы, шағымданушы Балдәурен Нұрлыбаева судьядан Ақтөбе облысының бас хирургі Ерлан Сұлтангереевтің үстінен түсірген шағымын қайтарып алуды сұрады.

Нұрлыбаева сотта Сұлтангереев өзінің туыстарынан кешірім сұрап, туыстарына қатысты жалған ақпарат бергенін мойындағанын және онысы туралы газетке түзету жариялағанын айтты.

- Сұлтангереев ауылға барып, анамнан кешірім сұрады. Ағамның ішкі ағзаларын алу туралы бізден рұқсат сұрадық деген жалған ақпаратын терістеп, газетке түзету берді. Сондықтан Сұлтангереевке қояр талабымыз жоқ. Оған қарсы талап-арызымыздан бас тартамыз және істі қысқартуыңызды сұраймыз, - деді Балдәурен Нұрлыбаева.

Сот шағымданушының өтінішін қабылдап, істі тоқтатты.

Марқұмның туысы, сотқа қатысып жүрген Есенжан Тынымұлы енді Сұлтангеревке қоятын кінәлары жоғын, ол кісімен мәмілеге келгенін, бірақ енді істі басқа қырынан қарай бастайтынын айтты.

- Туыстарынан рұқсат сұрамағаны үшін республикалық трансплантология орталығының директоры Жақсылық Досқалиевті, оның облыстағы өкілін, облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы Әсет Қалиевтің үстінен шағымданамыз. Бұл туралы нақты келесі дүйсенбіде айтамыз, - деді Есенжан Тынымұлы.

Балдәурен Нұрлыбаева 4 маусымда ауыр ми жарақатынан қаза болған 23 жастағы ағасы Серікболсын Көшербайдың "ішкі органдарын туыстарының рұқсатынсыз трансплантациялады" деп Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау департаментін, сотқа берген. Сотқа ұласқан дау Ақтөбе облысының бас хирургі Ерлан Сұлтангереевтің "туыстары мәйіттің ішкі ағзаларын алуға рұқсат етті" деген сөзінен шығып, ағайындар біріне-бірі күмәнмен қарай бастаған.

XS
SM
MD
LG