Accessibility links

Трансплантация дауында қарсы тараптар түрлі кодекстерге сүйенеді


Бүйрек трансплантациясы. (Көрнекі сурет)

Ақтөбеде жазатайым қаза тапқан азаматтың бүйректерін басқа науқастарға ауыстырып салу дауы тоқтамай тұр. Сотқа ұласқан дау Ақтөбе өңірі бас хирургі Сұлтангереевтің «туыстары мәйіттің ішкі ағзаларын алуға рұқсат етті» деген сөзінен шығып, ағайындар біріне-бірі күмәнмен қарай бастаған. Бас хирург қатесін «мойындаудан қашпайтынын» айтады. Ал маусымның 21-і күні бұл дауға бұрынғы министр, бас трансплантолог Досқалиев араласты.

Дау маусымның 4-і басталған. Осы күні Ақтөбеде жазатайым болған ми жарақатынан 23 жастағы Серікболсын Көшербай ауруханада қайтыс болған. Сол күні оның бүйректері басқа науқастарға ауыстырып салынған. Ал марқұмның туыстары «ішкі органдарын алдық деп өздеріне ешкімнің хабарламағанын» айтады. Енді бұл дау өңірдегі Байғанин ауданы тұрғыны, марқұмның қарындасы Балдәурен Нұрлыбаеваның шағымы бойынша Ақтөбе қаласының №2 сотында қаралып жатыр. Алғашқы сот тыңдауы маусымның 20-сы өтті. Балдәурен Нұрлыбаеваның адвокаты Қатарбай Раисов:

Дауға себеп - хирургтің жергілікті газетке берген сұхбаты, онда Сұлтангереев «туыстары донордың (мәйіттің – ред.) ішкі ағзаларын алуға рұқсат берді, қазір олармен психологтар жұмыс істеп жатыр» деген. Осыдан келіп ағайын арасында алауыздық туып, біріне-бірі күмәнмен қарай бастады.
Қатарбай Раисов

- Нұрлыбаеваның арызымен Ақтөбе облысы бас хирургі Ерлан Сұлтангереевтен моральдық шығын өндіру азаматтық ісі сот өндірісіне алынды. Дауға себеп - хирургтің жергілікті газетке берген сұхбаты, онда Сұлтангереев «туыстары донордың (мәйіттің – ред.) ішкі ағзаларын алуға рұқсат берді, қазір олармен психологтар жұмыс істеп жатыр» деген. Осыдан келіп ағайын арасында алауыздық туып, біріне-бірі күмәнмен қарай бастады. Нұрлыбаева жан күйзелісіне ұшырады, - дейді.

Адвокат «Азаматтық кодексте бірнеше жауапкерге талап қою құқығы жазылғанын, сондықтан Ерлан Сұлтангереевпен қатар сотқа Ақтөбе облысы денсаулық сақтау департаментін де бергендерін» айтады. Судья олардың бұл өтінішін қанағаттандырған.

Ақтөбе облысының бас хирургі Ерлан Сұлтангереев. Ақтөбе, 9 маусым 2017 жыл.
Ақтөбе облысының бас хирургі Ерлан Сұлтангереев. Ақтөбе, 9 маусым 2017 жыл.

Марқұмның туыстары Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау департаментінен 1 миллион теңге, бас хирург Ерлан Сұлтангереевтен 1 миллион теңге моральдық шығын өндіруді талап етіп отыр. Ал Азаттыққа комментарий берген Ерлан Сұлтангереев:

- Донор туыстарының келісімі туралы жергілікті газетке асығыс ақпарат жарияланды. Оны мойындаудан қашпаймын. Асығыстық жасағанымды республикалық трансплантология орталығынан анықтап сұрағаннан кейін бір-ақ білдім. Сол газетте жуырда түзету жарияланады, - дейді.

Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау департаментінің басшысы Әсет Қалиевтің мәселеге моральдық шығын тұрғысынан емес, «ауыр халде жатқан науқастардың өмірін ұзарту» тұрғысынан қарайтыны байқалады.

- Бұл істе медицинаның еш кінәсі жоқ деп есептеймін. Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау департаменті Денсаулық кодексіне сай әрекет етіп, ауыр халде жатқан науқастардың өмірін ұзартты, - дейді ол.

Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау департаментінің басшысы Әсет Қалиев. Ақтөбе, 21 маусым 2017 жыл.
Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау департаментінің басшысы Әсет Қалиев. Ақтөбе, 21 маусым 2017 жыл.

ДОСҚАЛИЕВ УӘЖДЕРІ МЕН ДОНОР ТУЫСТАРЫНЫҢ РЕНІШІ

Мәйіттік донор дауы сотқа жеткеннен кейін Қазақстанның республикалық трансплантация орталығы басшысы Жақсылық Досқалиев Ақтөбеге маусымның 21-і ұшып келді. Осы күні Досқалиев журналистер мен ішкі органдары трансплантацияланған марқұм Серікболсын Көшербайдың туыстары алдында баспасөз мәслихатын өткізді.

Әуелгі сөзін трансплантацияның жалпы мәселелерінен бастаған Жақсылық Досқалиев Астанадағы өзі тіркелген емханаға барып, «мезгілсіз қазаға ұшыраған жағдайда ішкі органдары трансплантациялануына қарсылығы жоқ» екені туралы құжат толтырып қойғанын айтып өтті. Досқалиев «кез келген қазақстандық емханаға барып, трансплантацияға қарсылығы бар-жоғы жайлы өсиет-нұсқау қалдыруына болатынын» баяндап:

- Уақыт өте адамдардың көзқарасы өзгереді. Трансплантацияға қатысты ұстанымы өзгерген адам, емханадағы құжатты да өзгертуге құқылы. Ал артына ешқандай құжат қалдырмаған адамның ішкі органдары келісім презумпциясына сай трансплантациялана береді, - деді.

Қазақстанның республикалық трансплантация орталығы басшысы Жақсылық Досқалиев (сол жақта) Ақтөбеде баспасөз мәслихатын өткізіп отыр. 21 маусым 2017 жыл.
Қазақстанның республикалық трансплантация орталығы басшысы Жақсылық Досқалиев (сол жақта) Ақтөбеде баспасөз мәслихатын өткізіп отыр. 21 маусым 2017 жыл.

Жақсылық Досқалиев мұның «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекстің (бұдан ары «Денсаулық кодексі» – ред.) 169-бабы 10-тармағында анық көрсетілгенін» айтады. Досқалиев атаған кодекстің әлгі тармағында «консилиум тіркеген өлім фактісінің даусыз дәлелдері болса, мәйіттен транспланттау үшін ағзалар алынуы мүмкін» деп жазылған.

- Донорлар мен олардың туыстарына асқан құрметпен қараймын. Әрине, кісі қазасы - үлкен трагедия. Бірақ түсіністікпен қараңыздар, өліп бара жатқан адам кемінде бес науқастың өмірін құтқара алады. Қазір елде ішкі органдарын алмастыруды күтіп отырған үш жарым мың науқас бар. Бірінің жүрегі орнында аппарат тұр. Бірі диализге таңылған. Марқұм Серікболсын Көшербай осындай ауыр науқастарға өмір сыйлап кетті. Иманды болсын! - деді Досқалиев.

Марқұмның туысы, Жақсылық Досқалиевтің баспасөз мәслихатына адвокатын ертіп келген Есенжан Тынымұлы журналистер тарап кеткен соң трансплантологпен оңаша қалған болатын. Оның айтуынша, Жақсылық Досқалиев марқұмның анасына көңіл айтпақ ниеті бар екенін білдірген.

... маған Жақсылық Досқалиев «дауды осы жерден тоқтатайық» деген сыңайдағы әңгіме айтты. Біз алған бетімізден қайтпаймыз! Қажет болса, Қазақстан жоғарғы сотына дейін шағымданамыз.
Есенжан Тынымұлы

- Болар іс болған соң көңіл айтқаннан не өзгереді? Оның үстіне, Серікболсынның анасы ауылда сырқаттанып жатыр. Бүгін маған Жақсылық Досқалиев «дауды осы жерден тоқтатайық» деген сыңайдағы әңгіме айтты. Біз алған бетімізден қайтпаймыз! Қажет болса, Қазақстан жоғарғы сотына дейін шағымданамыз, - дейді марқұмның туысы.

Ал Балдәурен Нұрлыбаеваның адвокаты Қатарбай Раисов:

- Қылмыстық кодекстің комментарийлер жинағы бар. Авторы - конституциялық кеңес төрағасы Рогов. Ол 315-бапта мәйіт органдарын туыстары рұқсатынсыз алу - заңсыздық деп жазады. Трансплантологтар оны елемей, Денсаулық кодексін алға тартып отыр, - дейді.

ЗАҢГЕРЛЕР ПІКІРІ

Азаттық тілшісі денсаулық кодексі мен қылмыстық кодекске берілген комментарийлер туралы пікірлер қайшылығынан кейін жергілікті заңгерлерге хабарласып, пікірлерін сұраған еді. Жергілікті адвокат Күләш Манько денсаулық кодексіне сүйену керегін және мәселенің моральдық жағын айтты.

Өзге адамдарға өмір сыйлап, дәрігерлер дұрыс істеді.
Күләш Манько

- Заңның аты - заң! (Денсаулық кодексін айтады – ред.) Екінші жағынан мәселеге мораль тұрғысынан да қарауға болады. Донордың ақырғы демі үзілер шақта туыстар шешімі қыршын жасты ажалдан алып қала алмас еді. Өзге адамдарға өмір сыйлап, дәрігерлер дұрыс істеді, - дейді ол.

Ал тағы бір жергілікті адвокат Жұмабай Арыстанов:

...марқұмның туыстарынан рұқсат алуға не кедергі болғанын түсіне алар емеспін.
Жұмабай Арыстанов

- Қылмыстық кодекс пен оған берілген комментарийге сүйеніп дәрігерлер ісін құптамаймын және аурухана күзетіп жүрген марқұмның туыстарынан рұқсат алуға не кедергі болғанын түсіне алар емеспін, - деді.

Ертеректе трансплантация жөніндегі Ақтөбе өңірінің аймақтық координаторы Валентина Арыстанова Азаттыққа «жергілікті жұрттың менталитетін, діни ұстанымын ескере отырып, туыстарының алдынан өткен жөн» деген пікір айтқан еді. Енді бұл даудың шешімін сот шығарады. Сот отырысы маусымның 27-сі күні жалғасады.

Ақтөбе облысы Байғанин ауданы тұрғыны Серікболсын Көшербайды мамырдың 27-сі күні ауылдасы соққыға жыққан, миынан ауыр жарақат алған марқұм Ақтөбе қаласына санавиациямен жеткізілген еді.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG