Accessibility links

Қазақстанда ішкі орган доноры аз


Алматыдағы Сызғанов атындағы хирургиялық орталықтың дәрігерлерінің операция жасап жатқан сәті. (Сурет орталықтың ресми сайтынан алынды).

Қазақстанда қазір үш мыңнан астам адамға бүйрек, бауыр, жүрек, өкпе, т.б. ағзаларын ауыстыру қажет. Мамандар елде мұндай донорлардың аздығы өзекті проблемаға айналғанын айтады.

Алматы облысының тұрғыны 56 жастағы Самат (толық аты-жөнін айтудан бас тартты) осыдан бірнеше жыл бұрын ауылда шөп жинап жүріп, қораның төбесінен құлап кеткен. Қабырғасы сынып, бүйрегінен жарақат алған.

- Бүйрек зақымданғаны бірден білінген жоқ. Кейін естен танып құлап қалып, ауруханаға түстім. Дәрігерлер қатерлі ісік болуы мүмкін деді. Бірақ тексерілгеннен соң екі бүйрегім де қабырға сынғанда қатты жарақаттанған айтты. Тез арада бір бүйректі ауыстыру керек деді. Мәйіттік донор табу өте қиын болды. Кейін туған әпкем донор болды, - дейді ол.

Екі баланың әкесі Самат қазір өзінің де, тірі донор болған әпкесінің де жағдайы жақсы екенін айтады.

3410 АДАМҒА АҒЗА АУЫСТЫРУ КЕРЕК

«Транспланттау жөніндегі республикалық үйлестіру орталығы» мекемесінің дерегінше, 2016 жылдың қарашасындағы есеп бойынша 3410 науқасқа ( 34-і бала) ағза ауыстыру керек. 2774 адам - бүйрек, 505 адам - бауыр, 123 адам - жүрек, жеті адам - өкпе, бір адам өкпе мен жүректі қатар ауыстыру кезегінде тұр. Ал жыл басынан бері 172 адамның ішкі органы ауыстырылған. Транспланттау операцияларын Қазақстанда он шақты аурухана жасайды. Қазір Алматыдағы Сызғанов атындағы ұлттық хирургия орталығында 100 адам - бауыр, 25 адам жүрек ауыстыру кезегінде тұр. Осы орталықтың бауыр трансплантациясы бөлімі хирургы Мақсат Досханов:

Сызғанов атындағы хирургия орталығының дәрігері Мақсат Досханов.
Сызғанов атындағы хирургия орталығының дәрігері Мақсат Досханов.

- Қазір Қазақстанда ішкі орган ауыстыру операциясының құны бес-алты миллион теңге тұрады. Барлығы мемлекеттік квотамен жасалады. Қазір бауыр ауыстыру бойынша кезек күтіп отырғандар көп. Бірақ Қазақстанда донор тапшы. Науқастардың туысқандары донор болғысы келеді. Бірақ олардан патология, түрлі аурулар шығады. Кей науқастардың бауырының көп бөлігін алмастыру керек болады. Ондай кезде тек мәйіттік донорлар ғана көмектесе алады, - дейді.

«ДІНИ ЖОЛДАРДЫ АЛҒА ТАРТАДЫ»

Транспланттау жөніндегі республикалық үйлестіру орталығы дерегінше, 2012 жылдан осы уақытқа дейін Қазақстанда 923 ішкі органдар ауыстырылған. 725 адамның бүйрегі, 155 адамның бауыры, 38 адамның жүрегі, үш адамның өкпесі, екі адамның ұйқы безі алмастырылған. Бұл органдардың тек 148-і ғана мәйіттік донордан алынған. Орталықтың кардиохирургия бөлімі жетекшісі Рүстем Төлеутаев

Мәйіттік донор көп, бірақ көбінің туысқандары келіспейді. Олар діни жолдарды алға тартады.

- Қазақстандағы басты мәселе - донор тапшылығы. Жүректі біз тек мәйіттік донордан аламыз. Мәйіттік донор көп, бірақ көбінің туысқандары келіспейді. Олар діни жолдарды алға тартады. Биыл Сызғанов атындағы орталықта алғаш рет этникалық қазақ адамның туысқандары келісім берді. Негізі жол апатынан немесе оқыс оқиғадан көз жұмған адамның органдары төрт-бес адамның өмірін құтқарып қалады, - дейді.

Транспланттау жөніндегі республикалық үйлестіру орталығы мәліметтері бойынша, Қазақстанда мәйіттік донорлықты дамыту ісі баяу жүріп жатыр. Өйткені, бұл елде мәйіттік донорлардың туысқандарының тек 30 пайызы мәйіт органдарын алуға келісім береді.

Оқи отырыңыз: Жылына 50 адам донорлық органды күтіп жатып көз жұмады

Халық денсаулығы кодексінің 169-бабы бойынша дәрігерлер мәйіттік донордан орган алатын болса, жақындарының келісімі керек.

Ал 2015 жылы денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығы бойынша, Қазақстан азаматтары өзі тіркелген емханаға барып, өмірден өткен соң ішкі органдарын алуға келісімін беретінін немесе бас тартатынын құжат түрінде рәсімдеуіне болады. 2017 жылдан тастап бұл жүйе интернеттегі e-gov сайтына енгізіледі.

  • 16x9 Image

    Руслан МЕДЕЛБЕК

    1990 жылы 4 қаңтарда дүниеге келген.

    Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетін "Халықаралық журналистика" мамандығы бойынша тәмамдаған.

    Халықаралық спорт журналистері қауымдастығы мен Халықаралық олимпиада комитетінің жас репортері.

    "Спорт", "Қазақ спорты" газеттерінде, "Алматы" телеарнасында журналист-репортер болған. 2012 жылдан бері "Азаттық" радиосының тілшісі. Сочи - 2014 қысқы және Рио - 2016 жазғы олимпиада ойындарынан тікелей хабар таратты.

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG