Accessibility links

Жылына 50 адам донорлық органды күтіп жатып көз жұмады


Орган транспланттау операциясы. (Көрнекі сурет)
Орган транспланттау операциясы. (Көрнекі сурет)

Қазақстанда дене мүшелерін транспланттаумен айналысатын алты клиника бар. Бірақ донорлық органдар жетпейді. Елде жыл сайын 50 адам донорлық органды күте-күте көз жұмады.

Осыдан бірнеше жыл бұрын Алматының 53 жастағы тұрғыны Ермек Мүкіровтің бауырынан қатерлі ісік анықтаған дәрігерлер оның бауырын ауыстыру операциясын жасады. Операция Алматыдағы Сызғанов атындағы хирургия орталығында өтті. Оған зайыбы Әмина Юрченко (үйленбей тұрған кездегі есімі – Ольга) донор болды.

Ермек Мүкіров мен Әмина Юрченко. Алматы, 15 тамыз 2013 жыл.
Ермек Мүкіров мен Әмина Юрченко. Алматы, 15 тамыз 2013 жыл.
– «Орган қажет болса, донор боламын» деп бірден айттым. Екеуіміздің қан тобымыз сәйкес келді. Бауырымның 65 пайызын бердім. Маған операцияны алты сағат, ал күйеуіме 14 сағат жасады, – дейді Әмина Юрченко.

Ерлі-зайыптылардың айтуынша, екеуіне бәрінен де психологиялық тұрғыдан қиын болыпты. Әминаның бауыры бірер айдың ішінде қайта өсіп, бұрынғыдай болған. Екі баласы (20 жастағы қызы мен 18 жастағы ұлы) бар Ермек пен Әмина тағы бір бала сүйгісі келеді.

– Бауырдың толық жұмыс істеп кетуі ағзаның ерекшеліктеріне байланысты. Мені де ештеңе алаңдатпайды. Диета сақтап, дәрімізді ішеміз. Квотаны мемлекет берді. Операцияны жапон дәрігерлері біздің мамандармен бірлесіп жасады, – дейді Ермек Мүкіров.

ТРАНСПЛАНТАЦИЯНЫҢ ЕКІ ТҮРІ

Мамандардың айтуынша, жалпы трансплантацияның екі түрі бар – науқасқа мәйіттің немесе туысының органын салады. «Мәйіттің органын салу» деп көз жұмған адамның органын уақыт оздырмай, яғни миы өлгенімен, ішкі органдары әлі жұмыс істеп тұрған кезде алып, науқасқа салуды атайды. Көбінесе жол-көлік апатына ұрынып, реанимацияға жеткізгенімен, құтқарылмаған адамдар донор болады. Трансплантацияның бұл түрі құқықтық нормалармен реттеледі.

​Дені сау адамдардың «бүйрегімді сатамын» деген хабарландыруларын интернет сайттардан оқуға болады. Жұрт арасында бүйрек, бауыр сырқаттары жиі кездеседі. Заң жүзінде тыйым салынған дене мүшелерін сату әрекеттері қылмыс болып есептеледі. Әдетте криминалдық донорлар қыруар қаржы сұрайды, көп науқастың оны сатып алуға шамасы келмейді.

Орган транспланттау операциясы. (Көрнекі сурет)
Орган транспланттау операциясы. (Көрнекі сурет)
Сызғанов атындағы ұлттық хирургия ғылыми орталығы директорының ғылыми-клиникалық жұмыс жөніндегі орынбасары, медицина ғылымдарының докторы Ербол Шайхиевтың айтуынша, «жұрттың қара базарда орган сатылады екен деген қауесеттен қорқуына негіз жоқ және Қазақстанда мұндай әрекеттерге жол берілмейді».

Ағзадағы жұп орган дертке шалдықса, науқастың туысы донор болып, өз органын беруі мүмкін. Бірақ оның органын науқасқа салу үшін туысының дені сау болуы тиіс. Органды алу аса қауіпті болғандықтан, науқасқа органын берген туысының тірі қалуын қадағалау аса маңызды.

– Айталық, адамның өмірін қатерге тігіп, органның бір бөлігін кесіп алып, екінші адамға салдық делік. Алайда науқас адамның ағзасы салған органды қабылдамауы да мүмкін. Мұндай жағдайлар бізде де, басқа елдерде де кездескен. Бұл жағдайда донор тірі қалады да, науқас өледі. Науқас адамға туысының органын ауыстырып салу қымбат болғанымен, сенімдірек әрі жеңілірек. Өйткені мәйіттік донор енді ғана дамып келеді, – дейді Ербол Шайхиев.

ДОНОРЛЫҚҚА ДЕГЕН КӨЗҚАРАСТЫ ӨЗГЕРТУ

Қазақстан медицинасында органды транспланттау ісі басталғанына 30-дан аса жыл өтті. Республикалық трансплантациялық үйлестіру орталығы 2012 жылдан бері жұмыс істейді. Қазақстанда мұндай операцияларды алты клиника жасайды. Трансплантация көбінесе қан, жұлын, бауыр, жүрек, бүйрек ауруына шалдыққан жандарға қажет.

Сызғанов атындағы хирургия орталығы директорының орынбасары Ербол Шайхиев. Алматы, 14 тамыз 2013 жыл.
Сызғанов атындағы хирургия орталығы директорының орынбасары Ербол Шайхиев. Алматы, 14 тамыз 2013 жыл.
– Емдеудің бұл амалы жоғары технологиялық әдіспен емдеу түріне жатады. Батыс елдері бұл істі баяғыда меңгеріп, қазір органдарды клондауға көшті. Олар үшін трансплантация жасау үйреншікті іс болып кетті. Қателік жібермеу үшін біз басқа елдердің озық тәжірибесін талдап, қолданамыз. Азия елдерінің мәйіттің органын транспланттау тәжірибесін де пайдаланамыз. Қысқа мерзім ішінде емдеудің бұл түрін көпшіліктің шамасы жетердей етуіміз керек, – дейді Сызғанов атындағы хирургия орталығы директорының орынбасары Ербол Шайхиев.

Алматыдағы Сызғанов атындағы орталықта биыл 15 науқастың бүйрегі алмастырылды. Оның екеуіне мәйіттің бүйрегі салынды. Қазақстан бойынша екі рет жүрек алмастыру операциясы жасалды. Бірі – өткен жылы Астанада, енді бірі – биыл Алматыда салынды. Осы күнге дейін Алматыда 10 бауыр алмастыру операциясы жасалса, оның алғашқысы 1996 жылы орындалды. Астанада жеті адамның бауыры ауыстырылды.

Қазақстан денсаулық сақтау министрлігінің статистикасы көрсеткендей, қайтыс болған бір адамның органдары кезек күткен бес-алты науқастың өмірін құтқаруы мүмкін. Мемлекет мұндай операция жасауға квота бөлгенімен, қиындық донорлық органдардың тапшылығына келіп тіреледі. Қазақстанда жеті мыңға жуық адамның органын ауыстырып салу қажет.

– Жыл сайын республикада 50-ге жуық адам белгілі бір органын алмастыруды күте-күте көз жұмады. Қазір үш мыңнан аса адам донорлық бүйрекке зәру. 1 мың 146 науқастың жүрегін, бір мыңға жуық қазақстандықтың бауырын, 233 науқастың ұйқы безін, 235 адамның өкпесін ауыстыру қажет. Ал 314 науқас «өкпе-жүрек» комплексін күтіп отыр, – дейді Ербол Шайхиев.

Ғалымның пікірінше, Қазақстандағы донорлықтың пайдасы мен оны дамыту қажеттілігіне қоғамның көзін жеткізу қажет. Доктор Шайхиев бұл проблемаға көзқарасты өзгертіп, донорлық туралы ақпаратты кең тарату керек дейді.
  • 16x9 Image

    Алма КЕНЖЕБЕКОВА

    Алма Азаттықта 2012 жылдан бері жарияланып келеді. ҚазҰУ-дің журналистика факультетін бітірген соң "Преступление и наказание", "Время По", "Мегаполис", "СолДат" сияқты БАҚ-тарда тілші болған. IWPR халықаралық ұйымымен кәсіби әріптестік байланысы болған. "Юридическая газета" мен "Сета" радиосында бас редактор қызметін атқарған.​

XS
SM
MD
LG