Accessibility links

АҚШ ғалымдары адам клондауда табысқа жетті


Орегон университетінің приматтарды зерттеу орталығының ғылыми қызметкері Шухрат Миталипов. АҚШ, 13 мамыр, 2013 жыл
Орегон университетінің приматтарды зерттеу орталығының ғылыми қызметкері Шухрат Миталипов. АҚШ, 13 мамыр, 2013 жыл

АҚШ ғалымдары клондау арқылы адамның діңгекті жасушасын жасап шығарғандарын хабарлады. Бұл жаңалық медицина саласында түрлі зерттеулерге жол ашқанымен, сыншылар этикалық тұсына алаңдайды.

АҚШ-тағы Орегон университетінің приматтарды зерттеу орталығында жүргізілген ғылыми зерттеу мамырдың 15-і күні медициналық журналда жарияланды.

Ғалымдар 1996 жылы клондалған Долли қойына жасалған техникалық әдісті қолданып, ересек тері жасушасын алдын-ала ДНҚ-дан ажыратылған адамның жұмыртқа жасушасымен алмастырған.

Бұған дейін зерттеушілер діңгекті жасушаларды қамтамасыз ете алатындай жетілген клондалған адам эмбрионын жасап шығара алмаған еді.

Ағзадағы кез-келген жасушаны жасай алатын діңгекті жасушалар медицина саласына көптеген жаңалықтар әкелуі мүмкін. Олар әртүрлі аурулар мен жарақаттарды емдеуге, мысалы, жүрек ұстамасынан соң жағдайды қалыпқа келтіру үшін қолданылуы ықтимал.

"ТҮРЛІ АУРУЛАРМЕН КҮРЕСТЕ КӨМЕКТЕСУІ МҮМКІН"

Орегон университетінің приматтарды зерттеу орталығының аға ғылыми қызметкері Шухрат Миталипов бұл жетістік Паркинсон немесе Альцгеймер сияқты дегенеративтік ауру түрлерін емдеу кезінде пайдалы болуы мүмкін екенін айтты.

- Паркинсон ауруы ағзадағы кейбір жасушалардың жұмыс істемеуінен туады. Жалпы, бұл - химиялық заттарды жеткілікті түрде өндірмейтін нейрондардың бір түрі. Көптеген науқастарда бұл жасушалар болмайды - олар өліп қалған және химиялық заттар өндіретін басқа жасуша түрі жоқ. Енді біз оларды зертхана жағдайында қалай өндіру керек екенін, мысалы, химиялық заттарды шығаратын нейрондар мен оларды осы ауруға шалдыққан науқастарға қалай ауыстыруға болатынын зерттей аламыз, - деді ол.

Ядроның жұмыртқа жасушасынан бөлінуі кезінде түсірілген сурет. Орегон денсаулық және ғылым университеті, 31 қаңтар, 2012 жыл
Ядроның жұмыртқа жасушасынан бөлінуі кезінде түсірілген сурет. Орегон денсаулық және ғылым университеті, 31 қаңтар, 2012 жыл
Бұған қоса донордың эмбрионынан алынған діңгекті жасушалар арқылы түрлі ауруларды емдеуге қатысты зерттеулер де жүргізіліп жатыр.

Бірақ донор жасушалары науқастың генетикалық құрылысымен сәйкес келмей, бұған дейінгі зерттеулер осы жерде тоқтап қалған еді.

Қазақстанда туған этникалық ұйғыр Шухрат Миталипов терапиялық адамды клондау тәсілі бұл проблеманы шешуге сеп болатынын айтады.

- Зертханамызда діңгекті жасушаны шығарудың жаңа жолын дамытқымыз келеді. Бірақ бұл жағдайда діңгекті жасушалар науқастың жасушасынан немесе тері жасушасынан алынуы керек. Бұл ұлпаларды науқасқа қайта ауыстырсақ, біз жасаған діңгекті жасушалар сәйкес келер еді, - дейді ғалым.

ҚОРҚЫНЫШ

Ғалымдар «жаңа техникалық тәсіл арқылы алынған эмбриондар тірі адамды жасау үшін ешқашан қолданылмайды» дейді. Бірақ оған қарамастан терапиялық клондау тәсілі тірі нәрестелерді жасап шығаруға жол ашады деген қауіп бар.
Діңгекті жасушалар жүрек ұстамасынан зиян шеккен органды қалыпқа келтіру үшін қолданылуы ықтимал.

Жаңа тәсілді сынаушылар діңгекті жасуша шығарудың басқа тәсілдері арзанырақ әрі қарама-қайшылықсыз екенін, қазірдің өзінде ақуыз арқылы тері жасушаларын діңгекті жасушаларға айналдыра алатынын айтады.

Алайда мұндай тәсіл арқылы алынған діңгекті жасушаларды медициналық мақсатта қолдануға болатын-болмайтыны әзірге белгісіз. Клондау, дәлiрек айтсақ көшiру - бiр өсiмдiк немесе тірі ағза клеткасынан тұтас организмдi өсіріп шығару.

Бірақ бұл жаңа технологияны сынаушылар адам эмбрионына тәжірибе жасау, мейлі ол зертханада жасалсын, әдеп нормаларына қайшы келетінін айтады.

(Ағылшын тілінен аударған Мақпал Мұқанқызы)
XS
SM
MD
LG