Accessibility links

Ақтөбеде ішкі орган доноры тапшы


Ақтөбе облыстық ауруханасының ғимараты. Ақтөбе, 9 маусым 2017 жыл.
Ақтөбе облыстық ауруханасының ғимараты. Ақтөбе, 9 маусым 2017 жыл.

Қазақстанда ағза транспланттау саласында мәйіттік донорлықты дамыту ісі баяу жүріп жатыр. Қайтыс болған адамның туыстары көп жағдайда жақындарының мәйітінен ішкі органдарын алып, басқа адамға салуға келісім бермейді. Дәрігерлер бұл проблеманың Ақтөбе облысында да бар екенін айтады. Өңірде әсіресе бүйрек ауыстыруға кезекте тұрған азаматтар көп.

Маусымның 4-і күні Ақтөбенің бүйрек ауыстырған екі тұрғыны операциядан шықты. Дәрігерлердің сөзіне қарағанда, жастары 40-тың үстіндегі Баян мен Гүлмираға ауыр жарақаттан оңала алмай жан тапсырған азаматтың бүйректері салынған, қазір екеуінің жағдайлары «қалыпты».

Бүйрек ауыстыруға кезекте тұрғандар көп
please wait

No media source currently available

0:00 0:05:34 0:00
Жүктеп алу

Қазір жансақтау бөлімінен арнайы палатаға шығарылған екі әйелге бөгде адамдар жіберілмейді. Тіпті оларға кіруге туыстарына да рұқсат жоқ. Хирург-трансплантолог Ермахан Асылханұлының Азаттық тілшісіне айтуынша, «мұндай науқастар үшін отадан кейінгі оңалту шаралары өте маңызды».

«БАР ҮМІТІМ ДОНОР БОЛАТЫН МӘЙІТТЕ ҒАНА ЕДІ»

46 жастағы Гүлмира бүйрегінде ақау бар екенін 2009 жылы білгенін айтады. «Жыл өткен сайын денсаулығы нашарлай берген» ол «гемодиализ, яғни «жасанды бүйрек» аппараты көмегінсіз тұра алмайтын жағдайға жеткен».

Маусымның 4-і күні «тез арада ауруханаға жетіңіз» деген хабар алдым. Келсем, жалғыз емес екем. Бірақ донор бүйрегі ондаған үміткердің арасынан Баян екеуімізге ғана сәйкес келді.

- Жақындарымның арасында маған бір бүйрегін бергісі келгендер болды. Бірақ бірінің денсаулығы нашар болып шықты, енді бірінің қан тобы сәйкес келмеді. Бар үмітім донор бола алатын мәйітте ғана еді. Маусымның 4-і күні «тез арада ауруханаға жетіңіз» деген хабар алдым. Келсем, жалғыз емес екенмін. Бірақ донор бүйрегі ондаған үміткердің арасынан Баян екеуімізге ғана сәйкес келді, - дейді Гүлмира.

Бір мәйіттің екі бүйрегін салдырған Баян мен Гүлмира қазір бір палатада жатыр. Азаттық тілшісімен әңгімелерін екеуі де «бізге бүйрегін берген донордың жатқан жері жайлы болсын» деп бастады.

42 жастағы Баянға осыған дейін де - 2014 жылы наурыз айында мәйіт донордың бүйрегі бір мәрте салыныпты. Бірақ дәрігерлер арада үш ай өткен соң донор бүйрегін алып тастауға мәжбүр болған.

Бұл жолғы отаға жүрегім дауаламаған еді. Анам мен күйеуім «ораза кезінде Алла тілегімізді берді» деп мені ауруханаға мәжбүрлеп әкелді.

- Алғашқы трансплантация Ресейдің Омбы қаласында жасалды. Бірақ бөтен бүйректі ағзам қабылдай алмады. 2014 жылы мамырдың 18-і күні донор бүйрегі жарылып кетіп, екінші рет операция жасалды. Отадан соң оңалуым да қиынға соқты. Қайтадан гемодиализге таңылдым. Бұл жолғы отаға жүрегім дауаламаған еді. Анам мен күйеуім «ораза кезінде Алла тілегімізді берді» деп мені ауруханаға мәжбүрлеп әкелді, - дейді Баян.

Ақтөбе облыстық ауруханасының хирург-дәрігері Ермахан Асылханұлының айтуынша, «операциялар сәтті өткен, бүйрек трансплантациясы жасалған екі науқастың жағдайлары қазір бірқалыпты».

«АҚТӨБЕ ӨҢІРІНДЕ ДОНОР ТАПШЫ»

Ақтөбе облысының бас хирургі Ерлан Сұлтангереевтің сөзіне қарағанда, «облыс аумағында қазір донор бүйрегі тапшы, өңірде бүйрек ауыстыру кезегінде тұрған 160 науқас бар».

- Бұл санды екіге көбейтсе де болады. Өйткені Ақтөбе облысында гемодиализге келіп жүрген 300-ден астам науқас бар. Олардың бәріне сау бүйрек керек. 60-тан астам адам бауыр алмастыру кезегінде тұр. Одан бөлек, бес-алты тұрғынның жүрегін алмастыру керек. Донор тапшы. Сондықтан да биыл қаңтар айынан бастап мәйіт донорлығын қолға алдық. Трансплантация тұрғысынан Ақтөбедегі орталыққа Оңтүстік Корея мамандары көп көмек көрсетіп отыр. Қажет кеңестерді телемедицина көмегімен солардан алып отырамыз, - дейді Ерлан Сұлтангереев.

Ақтөбе облысының бас хирургі Ерлан Сұлтангереев. Ақтөбе, 9 маусым 2017 жыл.
Ақтөбе облысының бас хирургі Ерлан Сұлтангереев. Ақтөбе, 9 маусым 2017 жыл.

Ақтөбедегі трансплантологтар тобы донор ағзасын күтіп отырған азаматтар туралы ғана деректерді біледі. Өлім аузындағы донорлардың туыстарымен кездесіп, рұқсатын алуға оларға тыйым салынған. Өйткені халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы кодексте «транспланттау үшін тіндерді немесе ағзаларды алуды қамтамасыз ететін адамдардың биологиялық өлімді немесе мидың біржола семуін растауға қатысуына тыйым салынатыны» көрсетілген.

- Біз мүдделі тарап болып саналамыз, сондықтан бұл іспен айналысуға құқымыз жоқ. Бұл - трансплантация жөніндегі аймақтық координатордың міндеті, - дейді Ерлан Сұлтангереев.

Трансплантация жөніндегі аймақтық координатор Валентина Арыстанованың сөзіне қарағанда, «адам көзі тірісінде донорлықтан бас тартып, артына құжат қалдырмаса, оның ішкі органдарын туыстарының рұқсатынсыз-ақ трансплантация жасауға болады». Бірақ халық денсаулығы кодексінің 169-бабы бойынша дәрігерлер мәйіттік донордан орган алатын болса, жақындарының келісімі керек екені де көрсетілген.

Трансплантация жөніндегі аймақтық координатор Валентина Арыстанова. Ақтөбе, 10 маусым 2017 жыл.
Трансплантация жөніндегі аймақтық координатор Валентина Арыстанова. Ақтөбе, 10 маусым 2017 жыл.

- Біз жергілікті жұрттың менталитетін, діни ұстанымын ескере отырып, туыстарының алдынан өткенді жөн көреміз. Бірақ туысы өлім халінде жатқан ақтөбеліктердің 95 пайызы трансплантацияға түбегейлі қарсы. «Алланың алдына 12 мүшесі түгел барсын» дейтіндер көп, - дейді трансплантация жөніндегі аймақтық координатор Валентина Арыстанова.

Дәрігерлер сөзіне қарағанда, мәйіттік донорлар тапшылығына қайтыс болған адамдардың туыстарының осындай қарсылығы да әсер етіп келеді. Осы себепті 2015 жылы денсаулық сақтау министрлігі Қазақстан азаматтарының өмірден өткен соң ішкі органдарын алуға келісімін көзі тірісінде рәсімдеуіне болатын ереже шығарған. Әзірге бұл мәселеге қатысты жұрттың көзқарасы енді ғана қалыптасып келеді. Донорлыққа байланысты пікірі өзгеше адамдардың бірі - Ақтөбе облыстық драма театрының директоры Нұрлыбек Жұбатқан.

- Мен де кез келген пенде сияқты ұзақ та, бақытты өмір сүргім келеді. Ол - Құдайдың қолындағы шаруа. Ал дегеніме жете алмай, олай-былай боп кетіп жатсам, ішкі органдарымның мұқтаж адамдарға салынуына қарсылығым жоқ. Ең бастысы, саудаға түспесе болғаны, - дейді ол.

Қазақстан картасындағы Ақтөбе облысы.
Қазақстан картасындағы Ақтөбе облысы.

Ал Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының (ҚМДБ) Ақтөбе облысындағы өкіл имамы Төлеби Оспанов «ҚМДБ пәтуасынан асырып ештеңе айта алмайтынын» мәлімдеді. ҚМДБ пәтуасында ағза ауыстырудың «жәйіз» екенін сипаттай келе, «адамның денсаулығына төніп тұрған зиянды кетіру үшін ағзаны тіріден тіріге ауыстыруға рұқсат болғандай, зәру болған жағдайда өлген адамның ағзаларын тірі адамға ауыстыруға да болатыны» жазылған.

Транспланттау жөніндегі республикалық үйлестіру орталығы дерегінше, 2012 жылдан 2016 жылдың соңына дейін Қазақстанда 923 ішкі орган ауыстырылған. 725 адамның бүйрегі, 155 адамның бауыры, 38 адамның жүрегі, үш адамның өкпесі, екі адамның ұйқы безі алмастырылған. Бұл органдардың тек 148-і ғана мәйіттік донордан алынған.

Мамандардың дерегінше, Қазақстанда жыл сайын ондаған адам донорлық ағза күтіп жатып қайтыс болады. Республикалық транспланттау орталығы кардиохирургия бөлімі жетекшісі Рүстем Төлеутаев «жол апатынан немесе оқыс оқиғалардан қайтыс болған жандардың органдары төрт-бес адамның өмірін құтқарып қалатынын» айтады. Қазақстанда ішкі органдар саудасына тыйым салынған, ал оны ауыстыру операциясының құны бірнеше миллион теңге тұрады. Ол операциялардың барлығы дерлік мемлекеттік квотамен жасалады.

XS
SM
MD
LG