Accessibility links

2012 жылғы ғылым мен технология жетістіктері


Журналистер iPod Nano-ны сынап көріп жатыр. АҚШ, Сан-Франциско, 12 қыркүйек 2012 жыл
Журналистер iPod Nano-ны сынап көріп жатыр. АҚШ, Сан-Франциско, 12 қыркүйек 2012 жыл
2012 жыл ғылым және технология саласында жұртты таңырқатқан жобалар мен жаңалықтарға толы болды.

Ғылым мен технология саласында 2012 жылы ашылған жаңалықтар мен жетістіктер зерттеушілерді жігерлендіріп, көпті таңғалдырды.

МАРС САПАРЫ

Бір жылдық ұзақ сапарынан кейін АҚШ-тың NАSА ұлттық ғарыш агенттігі 2012 жылы тамыз айында Curiosity rover спутнигін Марсқа қондырды. Плутониймен қоректенетін екі мың фунттық аппарат қызыл ғаламшардың бетіне қонып, өте күрделі белесті бағындырды.

Соңғы үлгідегі құрылғылармен жабдықталған алты доңғалағы бар спутниктің міндеті Марс бетінен тіршілік белгілерін іздеу еді. Қыркүйек айында аппарат су іздері бар Марс бетінің бедерін суретке түсіріп, соның нәтижесінде ғалымдар Марста бұрын тіршілік көзі - су болған деген тұжырым жасап отыр.

«Бұл қиыршық тастардың тек формасы ғана емес, сонымен бірге өлшемдері де шеңбер болып келеді. Олар жел ұшырып әкететіндей соншалықты жеңіл болмаған. Ғылыми топ бұл тастар сумен ағып келген деген түйін жасап отыр» дейді зерттеу тобының мүшесі Ребекка Уильямс.

ХИГГС БОЗОНЫ

Еуропа ядролық зерттеу ұйымының ғылыми орталығында (CERN) Хиггс бозонын (ядроның бөлшегі) зерттеумен айналысатын Джо Инкандела шілде айында орталық мамандарының "ғаламдық материал" тапқанын айтқан.

Еуропалық ядролық зерттеу орталығының өкілі Джо Инкандела баспасөз мәслихатында. Швейцария, 4 шілде 2012 жыл
Еуропалық ядролық зерттеу орталығының өкілі Джо Инкандела баспасөз мәслихатында. Швейцария, 4 шілде 2012 жыл
«Бұл өте сирек кездесетін бөлшектерді іздестіруге арналған сынақ болды. Қолымызда әзірге, сынақтың алдын ала нәтижесі ғана. Бірақ ол өте күшті болады деп ойлаймыз. Біз ойлағаннан әлдеқайда қатқыл» деген Инкандела.

Әдебиеттерде «Құдайдың бөлшегі» деп кекесінмен аталған Хиггс бозоны - ғаламдағы дене атаулыға салмақ беріп тұрған күш. Оны кейбір ғалымдар «ғаламның кірпішіне» теңейді. Оның табылуы физика тарихындағы ең айтулы оқиғалардың бірі болды. Бұл жаңалық «Біздің ғалам қалай пайда болған?» деген ең күрделі сұраққа жауап табуға жәрдемдесуі мүмкін.

Әлем ғалымдары 45 жылдан бері оның бар екенін дәлелдеуге тырысып келеді. Оны анықтауға арналған ең ірі сынақ алаңы - коллайдер-туннель Швейцарияда орналасқан. 10 миллиард долларға салынған сынақ алаңында мамандар протондар шоғырын жарық жылдамдығымен тарқатып, бір-бірімен соғыстыру сияқты тәжірибелер жасап көрді.

Хиггс бозоны "күңгірт материяның" болмысын түсіндіруге көмектесетін бөлшек болмай шықса да, бұл жаңалықты өткен ғасырдағы физиканың ұлы жетістіктерінің біріне қосуға болады.

ТРИЛЛИОН ГРАДУС

2012 жылдың тағы бір маңызды жаңалығы - АҚШ-тың Брукхейвен ұлттық лабораториясында жасалған сынақ. Мамандар кварк-глюонды плазма өндіріп, оның температурасын төрт триллион градус цельсийге жеткізе алды.

Бұл күн ядросынан 250 мың есе ыстық. Заттың мұндай күйі секундтың бір бөлшегінде ғана сақталады. Мұндай температура алтын иондарын жарық жылдамдығымен соғыстырған кезде пайда болған.

Ғалымдар 2012 жылы Жаңа Гвинеядағы тропикалық ормандарда мекен ететін омыртқалылардың ең ергежейлі түрін тапты. Латынша Paedophryne amauensis атауына ие болған ең кішкентай бақаның ұзындығы - 7,7 милиметр.

ТҰҢҒИЫҚҚА САЯХАТ

Режиссер Джеймс Кэмерон жердің ең төменгі нүктесіне түсіп шыққаннан кейін. 26 наурыз, 2012 жыл
Режиссер Джеймс Кэмерон жердің ең төменгі нүктесіне түсіп шыққаннан кейін. 26 наурыз, 2012 жыл
2012 жылы болған тағы бір айтарлықтай жаңалық - "Титаник" режиссері Джеймс Кэмеронның су астындағы Мариан шұңғымасына саяхат жасауы. Бұл ойпат жердің ең төменгі нүктесі - Тынық мұхиты табанынан 11 шақырым төмен жатыр.

Кэмерон - жердің ең төменгі нүктесіне барған алғашқы адам. Бұл саяхат нәтижесінде бұрындары белгісіз болып келген бірнеше тіршілік формалары ашылды.

Биыл австриялық скайдрайвист Феликс Баумгартнер де "тұңғиыққа секірді". Бірақ ол суға емес, 39 шақырым биіктен жерге секіріп, дыбыс жылдамдығынан да озды. Ол ең жоғарғы жылдамдықты бағындырған тұңғыш адам болды.

ҒАРЫШ - ЖАҢА НАРЫҚ

Биыл Space X-тің Dragon ғарыш кемесі халықаралық ғарыш станциясына жүктерді аман-есен жеткізіп, станцияны коммерциялық мақсатта тұтынатын алғашқы кемеге айналды. Кейбір азаматтар бұл оқиғаны "ғарышты коммерциялық тұрғыда пайдалану дәуірінің басы" деп атады.

ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ САЛАСЫНДАҒЫ ЖОБАЛАР

Денсаулық сақтау саласында да 2012 жыл жемісті жыл болды. Сәуір айында Ұлыбританияның ғалымдары сүт безі тканьдарына жүргізілген генетикалық зерттеу қорытындысын жариялады. Олар аурудың 10 типі болатынын анықтаған. Бұл жаңалық ауруды емдеу мен науқастың өмірін ұзартуға зор көмек болуы ықтимал.

Шынайы зат пен оны сканерлегеннен кейінгі 3D форматтағы кейпі. Көрнекі сурет
Шынайы зат пен оны сканерлегеннен кейінгі 3D форматтағы кейпі. Көрнекі сурет
2012 жылы ғалымдар жасанды ағза жасау саласында да ілгері жылжыды. Бұл салаға қатысты осы жазда жарияланған зерттеуге сәйкес, америкалық ғалымдар қант арқылы жасанды орган өсіріп, жасанды бауыр жасау жолында біршама жетістіктерге жеткен.

Жасанды орган 3D таңбасы арқылы құрастырылған. Жақ сүйегін ауыстыру да жақында 3D тәсілімен жасалмақ.

Көптің назарын аудартқан 3D технологиясы тек медицинада ғана қолданылмайды. Қазір 3D принтері де танымал болып келеді.

"Қағаздағы типографиялық бояудың орнына мынадай шағын пластикалық катушка қолданылады. Нұсқауына қарап, оны қалаған формаға келтіре аласың. Интернетке кіріп, дизайнын тауып жүктеп, 3D принтеріңізге жібере аласыз. Тапсырысыңыздың оңай-күрделілігіне қарай белгілі бір уақыт аралығында құрастырып шығарады" дейді АҚШ-тағы Gizmodo порталы бас редакторы Брайан Барет.

Техинсайдерлер 3D принтерінің келесі жылы кеңінен қолданыла бастайтынын айтады. Оның екі мың таңбаға дейін қысқартуға мүмкіндігі бар.

ТЕЛЕФОН, ПЛАНШЕТТЕР НАРЫҒЫ

Барған сайын тұтынушылардың мобильдік құрылғылар мен сенсорлы экран мүмкіндіктеріне "тәбеті" артып барады. Биыл планшеттер нарығында сауда ерекше қыза түскен. Сарапшылар алдағы жылдар сатылу жағынан планшеттер дербес компьютерлерді артқа тастайды деп болжайды.

Осының салдарынан программалық жабдықтау компаниялары өнімдердің дизайнына қатты көңіл бөле бастады. Мысал ретінде биыл қазан айында таныстырылған Windows 8-ді айтуға болады.

Биыл Facebook компаниясының да тасы өрге домаллады. 2012 жылы қазан айында компания өкілдері ай сайын желіге миллиардтан астам қолданушы кіретінін мәлімдеді.

Мақаланы аударған Мақпал Мұқанқызы.
XS
SM
MD
LG