Accessibility links

Абайдың қара сөздері - андроид қосымшада


"Абайдың қара сөздері" қосымшасы. Алматы, 20 қыркүйек 2012 жыл.
"Абайдың қара сөздері" қосымшасы. Алматы, 20 қыркүйек 2012 жыл.

Алматылық екі студент жасап шығарған «Абайдың қара сөздері» - Қазақстан тұрғындары телефонына жиі жүктейтін Android қосымшалары қатарына енді.

Қыркүйектің соңына қарай «Абайдың қара сөздері» қосымшасы Android бағдарламалардың Google play интернет дүкенінде ең жиі жүктелетін тегін 20 қосымшаның ("эпликейшн") қатарына ілініп, 19-орынға шықты. Қосымшаны Сүлеймен Демирел атындағы университеттің 3-курс студенттері Олжас Алдабергенов пен Заңғар Орынбетов маусым айында жасап шығарған.

«ЖҮКТЕУШІЛЕР ОН МЫҢНАН АСТЫ»

– Бүгін бұл қосымшаны жүктеп алған адамдар саны 10 мыңнан асты. Күніне негізі 600-700 рет жүктеледі, - деді Олжас Алдабергенов Азаттық тілшісіне бейсенбі күні.

Студент Олжас Алдабергенов (оң жақта) пен Заңғар Орынбетов. Суреттер жеке мұрағаттан алынған
Студент Олжас Алдабергенов (оң жақта) пен Заңғар Орынбетов. Суреттер жеке мұрағаттан алынған
Оның айтуынша, қосымшаны алғаш шығарған кезде оны жүктеген адамдар саны әлдеқайда аз болған, «бірнеше сайт жарнама жағынан көмектескеннен кейін көпшілік біле бастаған».

– «Абайдың қара сөздерін» адамдардың оңай оқитындай қып жасағымыз келді. Бұл қосымша Android платформасына ыңғайлы жасалған. Қолымыздан келетін істі жасадық, әрі өзімізге ұнайды, - дейді Олжас Алдабергенов.

Қосымша жасауды интернет арқылы үйренген екі студент оны жасап шығару үшін үш күн уақыт жұмсаған.

– Көптеген әдемі шрифтілер қазақ тілінде жоқ болды. Сондықтан оны біраз іздеу керек болды. Уақытымыздың көбі соған ғана кетті. Мұнымен шектелмей, алдағы уақытта өзге кітаптарды да енгіземіз, - дейді Олжас Алдабергенов.

Мамандығы инженер Олжас алдағы уақытта Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясының қосымшасын жасап шығаратынын айтты.

ТҰТЫНУШЫЛАР ПІКІРІ

«Абайдың қара сөздері» қосымшасын жүктеп алған азаматтар интернетте алғыс білдіріп, тек "шрифтiн Times New Roman-ға ауыстырса, тiптен керемет болар едi" деген ұсыныс айтты.

«Қосымша үшін рахмет! Ыңғайлы интерфейс, көркем дизайн және әрине, Абайдың әрбір сөзіне жасырынған ғасырлық даналық туралы айтпау мүмкін емес» дейді Artem есімді қолданушы.

Блогшы Марат Шакен. Көрнекі сурет
Блогшы Марат Шакен. Көрнекі сурет
– Қосымша өте ыңғайлы, танымдық қосымшаларға тән ықшамды дизайны бар. Шрифтісі де оқуға жақсы. Қосымшаның екі тілде болғаны да үлкен артықшылық. Тек іздеу жүйесі мен қара сөздегі белгілі бір сөздерді әлеуметтік желілермен бөлісу ғана жетіспейді, - деді блогшы Марат Шакен Азатық тілшісіне.

Тимур Бектұр есімді блогшы қосымшаны көрген кезде қатты қуанғанын айтты.

– Біріншіден, Абайдың қара сөздерінің Android бағдарламалары арасынан орын тепкеніне; екіншіден, жалпы қазақ тілді контенттің көбейгеніне; үшіншіден, өзін қазақ деп білетін әрбір қазақ құрмет тұтып, әрдайым сілтеме тастап отыратын Абайдай арысымыздың қара сөздерінің көпшілікке тарайтындығына [қуандым]. Ең әдемі жасалған жері, менің ойымша, орыс тіліндегі аудармасының да қосылғаны болды. Мысалы, мен осындай кітапты жасаған болсам, тек қазақ тіліндегісін жасар едім. Бұл жерде аудиторияның сан алуандығын ескергені байқалып тұр. Дәл қазіргі таңда бұл да жөн қадам болар, - деді блогшы.

Қазір жастар Android және iPhone/iPod құрылғыларында қазақ әріптерін теруге арналған бағдарламалар да жасай бастады. Кеше Бейсен Байсақов есімді студент KZChars - бағдарламасын жасап шығарғанын хабарлады. Блогшының жазуынша, «бұл бағдарлама ғаламтордағы және құрылғыдағы мақалаларды, мәтіндерді, пікірлерді қазақ тілінде ыңғайлы түрде өңдеп және жариялауға көмектеседі».
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG