Accessibility links

Ақтөбеде "қомақты қаржы жымқырған" Өндіргенов бостандыққа шықты


Мейіржан Өндіргенов.
Мейіржан Өндіргенов.

Ақтөбе облыстық мәслихаттың бұрынғы депутаты әрі кәсіпкер, 2016 жылы тамызда "Алдын ала сөз байласу арқылы аса ірі көлемде қаржы жымқырды" деген айыппен төрт жылға сотталған Мейіржан Өндіргенов бостандыққа шықты деп хабарлады Ақтөбе облыстық сотының баспасөз қызметі.

Сот материалдары бойынша, "Компания Емшан - EmchanCo" компаниясының президенті, жергілікті автопарктың басшысы Мейіржан Өндіргенов 2009 жылдың қаңтары мен 2015 жылдың сәуірі аралығында "Ақтөбе қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық, жолаушы көлік және автомобиль жолдары бөлімі" мемлекеттік мекемесінен алдау арқылы, субсидия ретінде берілген 900 миллион теңгеден астам қаржыны жымқырып, бюджетке аса ірі көлемде залал келтірген. Соттың мәлімдеуінше, ол бұл қылмысты компанияның вице-президенті Ербол Әділовпен және тағы бірнеше адаммен бірігіп жасаған.

Ақтөбе соты Ербол Әділовті де былтыр тамыз айында осы айып бойынша қылмыс жасады деп тауып, үш жылға соттаған. Сот үкімі бойынша Өндіргенов пен Әділовтің дүние-мүліктері тәркіленіп, жазаларын соңғы бір жылда жалпы режимдегі түзету колониясында өтеді.

"Ақтөбедегі 2-сот қаулысымен жазасын өтеушілер Мейіржан Өндіргенов пен Ербол Әділовке рақымшылық жасалып, жазасының төрттен бірі қысқартылды, қалған бөлігі айыппұлмен алмастырылды" деп хабарлайды Ақтөбе облыстық сотының баспасөз қызметі.

Соттың дерегінше, Мейіржан Өндіргенов пен Ербол Әділов түрмеде отырған кезде өздерін жақсы қырынан көрсеткен, сонымен қатар мемлекетке келтірілген шығынды толық өтеген. Сондықтан сот жазасын өтеушілерге рақымшылық жасау туралы шешім қабылдаған. Прокуратура сот шешімімен келісіп, қаулы заңды күшіне енді.

XS
SM
MD
LG